САЛҒЫРТТЫҚ ТАНЫТҚАН ТӨРТ АУДАННЫҢ ӘКІМІ ЕСКЕРТУ АЛДЫ

Уақыты: 01.02.2020
Оқылды: 1082
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Жиында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының атқарған жұмысы мен жоспары талқыланып, көктемгі су тасқынына дайындық пысықталды.

Шара облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерлан Ахашовтың баяндамасымен бастау алды. Ол:

– Алматы облысында су тасу қаупі бар 41 аумақ бар. Бүгінде облысымызда 987 шақырым арық тазаланып, 30 мың текшеметр аумақ қардан аршылды. Облыстық комиссия мүшелері аудандарды аралап, тексеру жүргізді. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында 96 гидропост орнатылды. Жағдай қалыпты. «Қазгидрометтің» ақпаратына сүйенсек, ақпан айында 2-13 градусқа дейін суық болады, – дей келе, жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Осыдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, аудан әкімдерінің баяндамасын тыңдады. Сондай-ақ, жиын барысында көктемгі апаттың алдын алу шараларына салғырттық танытып отырған Талғар, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарының әкімдеріне ескерту жасап, тапсырма берді.

Шарада тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылардың тұрғын үйлеріне газ құрылғыларын орнату мәселесі де қаралды. Дайын құрылғыны орнатпаған Ескелді ауданына сын-ескертпе жасалды.

Жиын соңында Лаззат Махатұлы су тасқыны жүретін ең қауіпті су учаскелерін анықтап, барлық су қоймаларының техникалық жабдықтарын тексеру керектігін айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Сурет ғаламтордан алынды