ОБЛЫСТА ҚАРЛЫ БОРАН: ЖОЛДАР ЖАБЫЛЫП, БІРНЕШЕ АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Уақыты: 17.01.2021
Оқылды: 1052
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының кейбір аудандарында 16-17 қаңтар күндері ауа райы күрт нашарлап, қарлы боран күшейді. Салдарынан республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда қозғалыс қиындап, бірнеше бағыттағы жол жабылды. Сондай-ақ, бұрқасын қарда қалған жолаушылар құтқарылды. Оның ішінде, жүкті әйел мен балалар да бар. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Мәселен, Кербұлақ ауданында республикалық маңызы бар "Сарыөзек-Көктал" автожолында қатты желдің салдарынан қар құрсауы пайда болды, нәтижесінде, жолаушылары бар автокөліктер қар құрсауында қалып қойды. Бұл туралы хабарлама Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне таңғы сағат 7.20-да келіп түсті.

Бірінші кезекте құтқарушылар жүктілігінің сегізінші айындағы әйелді борасыннан эвакуациялады. Ол екі баласымен Алматы қаласына Тасыөзек ауылынан сапарға шыққан, әйел мен балалар Сарыөзек кентіндегі туыстарына жеткізілді. Содан кейін жағдайды бағалай отырып, ТЖД қызметкерлері автокөліктердің жиналуын болдырмау үшін жолдың осы учаскесінің екі жағына пост қою туралы шешім қабылдады. Жол қызметкерлерін, әскери қызметшілерді және басқа да құрылымдарды тарту арқылы автожолдарды тазалау және тұрып қалған автокөліктерді сүйрету жұмыстары жүргізілді. Сағат 13.00-де 80 жолаушымен 30 бірлік техника өз бағыты бойынша қозғалысты жалғастырды, сағат 16.30-да жол қар құрсауынан тазартылды.

16 қаңтар күні сағат 10.00-ден бастап республикалық маңызы бар "Сарыөзек-Көктал" автожолы 3-тен 80-ші шақырымына дейін автокөліктің барлық түрлері үшін шектелді. Сондай-ақ, Үшарал мен Шығыс Қазақстан облысына дейінгі Алматы-Өскемен, Есік-Қырбалтабай-Жетіген, Сарыөзек-Басши, Алтынемел-Қоғалы-Көксу-Қарабұлақ, Қаспан, Қарымсақ, Шанханай, Майтөбе, Қоянкөз, Қарашоқы, Қарағаш, Қызылжар, Бескөл-Жайпақ, Үшарал-Кумскал бағыттарындағы автожолдар жабылды.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан метеорологиялық жағдайлар нашар болған кезде алыс жолға шықпауды және 112 қызметінің келген СМС-хабарламаларға назар аударуды сұрайды. Алыс жолға шыққан кезде ауа райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда сізге көмектесетін барлық қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып жүруіңіз қажет.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"