ҚАЗАҚСТАНҒА ЖҰМЫРТҚА ТАСЫМАЛДАУҒА ЖАРТЫ ЖЫЛҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 20.02.2024
Оқылды: 422
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстанға жұмыртқа тасымалдауға жарты жылға шектеу қойылады. Өзгеріс, нақтырақ айтсақ, автомобиль тасымалына қатысты. 


Елдегі құс фабрикалары ішкі нарықтың 98 пайызын жұмыртқамен қамтып отыр дейді ауыл шаруашылық министрлігі. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен, басқа мемлекеттерден де бұл өнімді тасымалдауға қажеттілік туындап отырған жоқ. Тауық санының 56 млн-ға бірден көбеюі де жұмыртқадан бөлек импорттық құс етіне сұранысты азайтқан. Ал сыртқа шығатын жұмыртқаға еш шектеу жоқ.

Біздің өнім Ауғанстан, Қырғызстан мен Өзбекстанға экспортталады. 1 мамырдан бастап күшіне енетін бастама дүкен сөрелеріндегі тауық өнімінің құнына қалай әсер ететінін жауапты министрлік дөп басып айта алмай отыр.

Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз-хатшысы:

— Қазақстан өз өзін жұмыртқамен қамтып отыр. Қазіргі таңда мынау жұмыртқамен айналысатын құс фабрикаларының саны 34 деп есептеледі. 1 мамырдан бастап елімізге келетін импорттық жұмыртқаны тек авторанспортпен, автокөлікпен кіргізуге болмайтыны туралы осындай шектеу енгізіп отырмыз. Неге? Ең алдымен елімізге келетін өнімді сұр импорттан сақтау.

Фото: Егемен Қазақстан