ЖАС ҒАЛЫМ ІЗДЕНІСІ

Уақыты: 03.08.2018
Оқылды: 1130
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Өзгеше ой өрістері, ізденістерімен ерекшеленген, алға қойған қандай да бір мақсатына жетуге тырысатын тұлғалар сапында жас ғалым Дана Қанғалақованың бары даусыз.

 

   Дана Мұратбекқызы мектеп қабырғасында-ақ өзінің математикаға бейім екенін дәлелдеген. Ол 8-сынып оқып жүргенде ауданнан жүлдегер атанып, облыстық математика пән олимпиадасына жолдама алған. Бұдан өзге, отандық, шетелдік классикалық әдебиетке құмар ол «Дарынды оқушы» сайысына жас журналист ретінде қатысқан. Жоғары сыныптарда воллейбол мен баскетболға қызығушылық білдіріп, мектеп намысы сынға түскен сайыстардың бәріне капитан ретінде қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
   Ата-анасының қызметінің ауысуына байланысты 2008 жылы Өскеменге көшіп барып, сол қаладағы 3 мектеп-гимназиясында да үздік оқушы екенін танытты. Сол жылы мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, әл-Фараби атандағы ҚазҰУ-дің «Қаржы» мамандығы бойынша мемлекеттік грантты иеленді. Жоғары оқу орнында жүрген шағында университеттік волейбол құрамасына шақырту алғанымен, ғылым жолына түсуді құп көрді...
   Жоғары оқу орнын 2012 жылы қызыл дипломмен тамамдаған Дана сол жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің «Қаржы» мамандығы бойынша магистратурасының грантын  иеленді. Ару қала Астанада оқып жүрген шағында көптеген ғылыми конференцияларға қатысып, бірқатар додаларда топ жарды. Ағылшын тілін еркін меңгергені нәтижесінде шетелдік университеттермен интеграциялану бағдарламасына сай Германияның Дюссельдорф қаласына ғылыми тағылымдамаға барып қайтты. Ал, ЕНУ-ды үздік тамамдаған 2014 жылы ата-анасының бағыттауымен ҚазҰУ-дің Экономика және Бизнес жоғары мектебінің «Экономика» мамандығына докторантураға грантпен түсті. Ғылыми жетекшісі болып экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, 4 рет Парламент депутаты болып сайланған белгілі қоғам қайраткері Оразалы Сабден тағайындалды. Бұдан басқа, шетелдік ғылыми жетекшісі римдік Ла-Сапиенза университетінің профессоры Умберто Триулцы Дананың ғылымға деген талпынысын байқап, екі рет Римдік университетке ғылыми тағылымға шақыртқан.
   Дана Қанғалақова докторантурада оқып жүріп ғылыми жетекшілерінің басшылығымен ізденістен туындаған еңбектерін отандық және шетелдік журналдарға басты. 2015 жылы БғМ-нің тапсырысымен «Шағын бизнес негіздері» атты оқу құралы жарық көрді. Ал бұл оқу құралы арнайы мектеп-гимназиялар, лицейлер мен колледждерге пән ретінде енгізілді. Одан кейінгі жылы ғылыми жетекшісімен бірігіп «ҚР Шағын инновациялық бизнес» заң жобасын даярлап, оны Парламентке қарауға жіберді. Аталмыш заң жобасы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының оң бағасына ие болғанын да атап өту қажет-ақ. Мемлекеттік гранттық ғылыми жоба аясында «Стратегия развития малого и среднего предпринимательства в Республике Казахстан» атты ғылыми монографиясы жарық көрді. Өткен жылдың желтоқсан айында Дана Мұратбекқызы сынақ тапсырып, Экономика мамандығының философия докторы атанды. Докторлық диссертациясын қорғау барысында ғылыми жетекшісі Оразалы Сәбден: «Диссертациялық зерттеу жұмысын жазу барысында Дана Қанғалақова өздігінен іздене алатын, кәсіби білімін тәжірибеде іске асыра алатын білгір, еңбекқор, тиянақты маман ретінде өзін жақсы қырынан танытты... Алдымнан талай ғылым докторлары өтті, солардың ішінде Дананы ерекше бағалаймын», – деп ризашылығын білдіргені бар.
   Қазіргі таңда Дана Мұратбекқызы Қазақстан Ғалымдар одағының мүшесі, БжҒМ-нің Ғылым комитетінің Экономика институтында ғылыми қызметкер ретіне еңбек етеді. Отбасы құрған.  Жас ғалым ретінде ол өз Отанының дамуына молынан күш жұмсайтын, дара ұстанымы, бағыт-бағдары бар, әлі де ғылыми тың ізденістер арқылы таныла берер жас тұлға екені даусыз.

Бибігүл ИСАФИНА