Өзекті жайттар ортаға салынды

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1047
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Шағын  несиенің  тапшылығы,  кепілзаттың  болмауы,  сапасыз  интернет – осы және басқа да мәселелер Бақанас ауылында өткен кеңейтілген отырыста сөз болды. Басқосуға облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесі мен іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Римма Салықова жетекшілік ететін кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзулин, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Атайбеков, аудан прокуроры Серікқали Кушалиев, сонымен қатар бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Айта кетейік, Балқаш ауданы облыстың шалғай аймағы саналады. Осыған қарамастан бұл өңір күріш өсіріп, ет өнімдерін өндіруде және жемшөп әзірлеуде жетекші орындардың бірін алады. 
Кәсіпкерлер мен билік өкілдерінің кездесуі ашық диалог форматында өтті. Онда кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, толымды жауаптар алды. Осыған байланысты аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов ой толғап, барлық сұрақтың назардан тыс қалмайтынын айтып өтті. Өңірлік кеңестің мүшесі, аудан бойынша кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Атайбеков аудан басшысы алдында бірқатар мәселені көтерді. 
Жиын барысында ауданда екінші деңгейлі банктер филиалының жоқтығы, сол себепті несиеге қол жеткізудің мүмкін болмай отырғаны, осының бәрі өз кезегінде жалпы кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигізіп жатқаны, қаржылық қолдау алу үшін тұрғындардың облыс орталығына баруға мәжбүр екендігі айтылды. 
Осы ретте Римма Ажарқызы аталған жайттың бәрі облыстағы банктер бөлімшелері басшыларының қатысуымен өтетін кеңес отырысында көтерілетінін жеткізді. Бұл мәселе қазір Райымбек ауданы мен Кеген ауданында да өзекті. Өйткені, бұл аймақтарда да банк бөлімшелері жоқ. 
Аудан үшін өзекті мәселенің тағы бірі – ғаламтор желісі жылдамдығының төмен болып отырғаны. Ауданның шет ауылдарында кейбір операторлардың желісі мүлдем ұстамайды. Бұл бизнес жүргізуге тағы бір кедергі. 
Жиында өңірлік кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бөріхан Әбдібаев бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Жыл басынан палата филиалына 630 кәсіпкер өтінім жасаған, оның ішінде 70 кәсіпкерге заңгерлік көмек беріліп, 40 кәсіпкерге бухгалтерлік қолдау көрсетілген. Ауданда алғаш рет Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқытатын жоба өз жұмысын бастаған. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 52 азамат оқыған. Оның ішінде    19 адам кәсіпкер ретінде тіркеліп, жалпы сомасы 60 млн. теңгені құрайтын жеңілдетілген несие алған. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығына қатысты. 
Ауданда 1000-нан аса бизнес субъектісі тіркелген. Ауылшаруашылығы өнімін өңдеу саласында күріш өңдеу бойынша екі цех іске қосылған. Былтыр күріш өсірушілер 120 млн. теңге көлемінде субсидия алды. Биыл күріштің егін алқабы 10 мың гектарды құрап отыр. Ет өндіру саласында белсенділік байқалады. Былтыр 160 мың тонна ет өндірілген, оның ішінде 30 мың тонна Қырғызстанға экспортталыпты. 
Өз кезегінде Нариман Әбілшайықов аймақта бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлардың жасалғанын және кәсіпкерлер санының артып келе жатқанын алға тартты. ӨКП аудандық бөлімшесі жанында кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істеп, кәсіпкерлер кеңесі құрылған. Тамыз айынан бастап кәсіпкерлерді қолдау орталығында өз өзіне қызмет көрсету аймағы іске қосылған. Ендігі кезекте қызметтің басым бөлігі онлайн форматында көрсетілмек. Жаңашылдықтар елде бастау алған цифрландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 
Жиын соңында мемлекеттік органдар басшылығы мен ӨКП филиалына мәселелерді шешу бойынша бірқатар тапсырма жүктелді.

Айгүл Байбосынова
Балқаш ауданы