Экспорт көлемі ұлғаяды

Уақыты: 27.08.2018
Оқылды: 1302
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Оған аудан, қала әкімдері мен олардың ауылшаруашылық саласы бойынша орынбасарлары, ветеринарлық және кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары қатысты. Жиында сиыр етін экспорттау, егістік алқаптарының электронды картасын Минагро.кз веб-порталына енгізу, 15-16 қыркүйекте Астана қаласында өтетін облыстың ауылшаруашылық жәрмеңкесіне дайындық жұмыстары қаралды.

Алдымен өңірдегі сиыр етін экспорттауға қатысты атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары онлайн режімде есеп берді. Биыл облыс бойынша 2 мың тонна сиыр етін шетелдерге экспорттау жоспарланған. Ал бүгінгі күнге дейінгі ақпарат бойынша жоспардың 10 пайызы ғана орындалыпты. Серікжан Іслямұлы аудан басшыларынан сол өңірге берілген жоспар мен оның орындалу барысын сұрады. Аудан әкімдері мен орынбасарларының айтуынша, ет экспортына қатысты барлық дайындық жұмысы ойдағыдай жүргізілуде. Сойылатын мал басы да жеткілікті. Әр аудандағы ет экспортымен айналысатын әлеуетті шаруа қожалықтары шетелдермен келісімшартқа отырып, алғашқы өнімін шығара бастапты.  Демек, жоспардың орындалуына сенім мол. Қазір мал жайлаудан толық түсіп үлгермегендіктен  кейбір аудан ет өнімін экспорттау жоспарын қыркүйек, қазан айларына жоспарлаған. Өңір басшыларының есебін тыңдап, нақты жағдаймен танысқан облыс әкімінің орынбасары жоспардың толық орындалатынына сенім білдірді әрі аудан басшыларына жұмысты күн сайын қадағалап, шаруа қожалықтарымен тығыз жұмыс істеу керектігін тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Бүгінде көптеген аудан өз қарамағындағы егістік алқаптарының электронды картасын толығымен Минагро.кз веб-порталына енгізіп үлгерген. Бұл бағыттағы жұмысты өз деңгейінде атқара алмаған аудандардың да себебі бар. Жиын барысында аудан басшылары себептерін алға тартып, жоспардың уақытынан кешігіп жатқанын жеткізді. Серікжан Іслямұлы аудандарға тапсырманы қыркүйектің 10-жұлдызына дейін толық орындауды тапсырды. 
Жыл сайын жетісулықтар өздері өндірген экологиялық таза, жергілікті өнімдерін Астана тұрғындарына ұсынуды дәстүрге айналдырған. Биыл 15-16 қыркүйек күндері Астана қаласында облыстың ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Айтулы шараға дайындық жұмысы басталып кетті. Бұған аудандар да сақадай сай. Серікжан Іслямұлы өңір басшыларынан дайындық барысын егжей-тегжейлі сұрады. Осыған байланысты жеткізілетін өнім түрі мен көлемі, тасымал жағдайы, қауіпсіздік шаралары пысықталды.

Қажет АНДАС