Мобильдік қосымша таныстырылды

Уақыты: 27.08.2018
Оқылды: 1383
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бизнес өкілдері үшін көпфункционалды мобильдік платформаның таныстырылымы болды. Indigo 24 – тәулік бойы тауарлар немесе қызмет түрлеріне төлем жүргізуге арналған әмбебап төлем жүйесі бар қосымша саналады. 

Таныстырылым барысында жоба авторы, «Evolution Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Дәурен Қазбекұлы аталмыш қосымшаның басымдығы мен мүмкіндіктері жөнінде айтып өтті. Жас кәсіпкер Талдықорған қаласының тумасы. Бүгінде Алматы қаласында IT саласында қызмет етеді. Компания түрлі мобильдік сервистер әзірлейді және елуден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. ТМД мен шетелдерде 70 мыңнан аса серіктесі бар. 
– Indigo 24 толықфункционалды мессенджер қызметін атқарады. Достарыңызбен сөйлесіп, өзара ақшаны жедел аударуға болады. Сенімді электрондық әмиян теңгерімді толтыру, коммуналдық қызметтерді төлеу, әуе және теміржол билеттерін сатып алу сияқты 1000-нан аса қызмет түрі бойынша төлем жасауға мүмкіндік береді. Төлемдер комиссиясыз жүргізіледі. Біздің платформада геолокация арқылы қажетті мекемені, қонақүйді, медициналық орталықты тауып, QR код арқылы төлем жасауға мүмкіндігіңіз бар,– дейді Дәурен Қазбекұлы. 
Алдағы уақытта жоба әзірлеушілері қосымшаға бірқатар мемлекеттік қызмет түрлерін енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, компания Indigo терминалы және адамның тұрғылықты орны мен жүрісін бақылай алатын GPS-трекер секілді өнімдерді ұсынбақ. 
Таныстырылым кезінде кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, жауап алды және аталған қосымшаның қызметін тексеріп көрді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Дана Жамболатованың айтуынша, бұл қосымша бизнес қызметтерін енгізу, өнімдер мен қызмет түрлерін жарналамауға арналған тиімді интернет алаңы болып табылады. Indigo 24 қосымшасын Google Play немесе AppStore арқылы жүктеп алуға болады. Сервис www.indigo24.com сайты арқылы да қолжетімді. 

А. Байжұмақызы