ЕКІ АЙДЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚОМАҚТЫ

Уақыты: 05.09.2018
Оқылды: 1363
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Қарасай ауданында орналасқан «Жетісу» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі негізінен элиталы тұқым шығарумен айналысатын бірден-бір ұжым. Мұнда шаруашылыққа тиесілі 3337 гектар алқапта жаздық, күздік арпа мен бидайдың және өзге де дәнді дақылдардың сапалы сұрыптарын шығару жолға қойылған.

 

   Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы аясында жұмыс істеуді бастаған кооперативтің төрағасы Жанат Исағұлов элиталы тұқым шығарумен қатар мал бордақылау алаңын салуды қолға алған. Осылайша 2016 жылы еуропалық озық технология бойынша ірі қараны күтіп-бағатын бордақылау алаңының құрылысы басталды. 
– Өзге елдерде сынақтан өткізіліп, жақсы нәтиже көрсеткен бұл технология аса тиімді, – дейді шаруашылықтың бас инженері Берікбай Бигимов. – Мұнда малды табиғи жағдайда, ашық аспан астында ұстау негізге алынған. Бордақылау алаңында қора, жаңбыр мен күннен қорғайтын лапастар салынбайды. Ірі қара қоршаудың ішінде еркін жүріп, сапалы жемшөппен қатаң ереже бойынша  азықтандырылады. Сиыр малы қараңғы түскеннен кейін жайғасып жатып, күйіс қайыратынын біз жақсы білеміз. Олардың тәулік бойы жем жеп, тез қоң жинауы үшін алаңның әр жағына күндізгідей жарық беретін бағандар орнатылған. Осылайша ірі қара 24 сағат азықтанады. 
   Бір мезгілде 1000 бас ірі қараны бордақылауға арналған алаңның жұмыс істей бастағанына екі ай болды. Бұл жерде бүгінде 485 бас бұқаша бордақылануда. Бір мен екі жас аралығындағы салмағы 150–160 келі төлдерді өзге өңірлерден сатып алып келіп, күтімге алғаннан кейін бес-алты айдың ішінде олар 250 келіге дейін қоң жинап үлгереді. Етке өткізілген малдың орны бірден толықтырылып, бордақылау үрдісі үзіліссіз жүргізіледі.
   Ірі қараны қажетті салмаққа дейін жеткізіп, еті әлемдік талаптарға сай болуы үшін азық қоры мол әрі сапалы болуы керек. Оған қажет жемшөп шаруашылықтың өзінде өндірілетінін айта кеткен жөн. Мұнда құнарлы азық боларлық жоңышқа, жүгері, көпжылдық шөп, майбұршақ пен сафлор өндіру жолға қойылған. Түрлі аурудың алдын алу үшін зооветеринарлық талаптар қатаң сақталады.
   Төрт түлікті күтіп-бағу атакәсібіміз дегенімізбен мал бордақылауды ғылыми негізде жүзеге асыру біліктілікті қажет етеді. Бордақылау алаңында еңбек ететін 12 адам өз жұмысын жақсы білетін тәжірибелі мамандар. Мемлекеттің әлеуеті әр отбасының тұрмыс-тірлігіне тікелей байланысты дейтін болсақ, «Жетісу» өндірістік кооперативінің ұжымы осы бағытта елеулі табыстарға қол жеткізіп келеді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.