ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 05.09.2018
Оқылды: 1412
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыс әкімінің орынбасарлары Лаззат Тұрлашов пен Айдарбек Байжанов және Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаев тұрғындармен кездесіп, қысқы дайындық жұмысын пысықтады. Кездесуге облыстық, аудандық энергетика, тұрғын үй шаруашылық басқармасы басшылары мен газ тарту жұмыстарына жауапты мердігер компания жетекшілері қатысты.

 

   Өткен жылы қыс қысқанда Талғар қаласындағы «Мелиоратор», «Бозторғай» ықшамаудандарындағы көпқабатты үйдің тұрғындары қиыншылық көрді. Сондағы жағдайды көріп, мән-жаймен танысқан облыс әкімі Амандық Баталов тұрғындарды орталықтандырылған газбен жылыту қазандықтарына қосуды тапсырған еді. Аталған ықшамаудандарда жалпы саны 23 үй, яғни, 538 пәтер бар. Осы екі ауданның көпқабатты тұрғын үйлерін газбен жылытуға қосу үшін 6 блок-модульді қазандық салу үшін бюджеттен 200 млн. теңге бөлінді. Құжаттама қорытындысын қыркүйектің соңына дейін алу жоспарланған. Сондай-ақ, мердігер компания анықталып, құрылыс жұмысын «Buran Boiler», «Асыл Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері міндетіне алған. Кездесуде серіктестік өкілдері қазандықтардың дайындығы 50 пайыз орындалғанын, сонымен қатар, үш қазандық орнатылатын жердің іргетасы әзір екендігін айтты.
– Жылыту маусымы жақындап келеді. Алдағы қыстан қысылмай шығу үшін сіздер тұратын көпқабатты үйлерді орталықтандырылған газбен жылыту қазандықтарына қосу жұмыстары жүргізілуде. Әр үйдің ауласына жеткізу үшін бұған бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Енді үй іргесіне келген газды жеке-жеке пәтерлерге тарту және қосу жұмыстарын жекеменшік мердігер компаниялар жүргізетіндіктен оның құны ақылы болады. Сол себепті, пәтер иелері кооперативін құрып, мердігер компания өкілдерімен, әкімшілік, тұрғын үй шаруашылығы басқарамасының мамандарының қатысуымен жиын өткізіп, осы мәселені шешуді жылдамдатып қолға алыңыздар, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов газға қосылу жұмысын жылыту маусымынан ертерек, қазанның 10-на дейін аяқтауды Талғар қаласының әкіміне, аудандық тұрғын үй шаруашылық бөлімі мен мердігер компания басшыларына қатаң тапсырды.
   Кездесуде көпқабатты үйдің қауіпсіздігі үшін газбен жылыту қазандығына қосылмаған жағдайда тұрғын үй иелерінің автономды жылыту құрылғыларын, газ баллондарын пайдалануға қатаң тыйым салынатындығы ескертілді. Жылудың берілуі мен есептелуіне дейінгі мәселелер де бүге-шігесіне дейін талқыланып, түсіндірілді.
   Көпқабатты үй тұрғындарымен жылу беру маусымына дайындық жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бұған дейін де 18 рет кездесу өткізілген. Онда жертөлелерді жылыту, кіреберістің құрылысын салу және пәтерлердің жылыту желісін тарату мәселесі көтерілген. 
   Осы орайда, Талғар қаласының басқа да ықшамаудандарындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді газбен жылытуға қосу мәселесі қарастырылғанын айта кету керек. Анықталғанындай, 163 көппәтерлі үй автономды жылытылады. Қалаға көгілдір газдың келуіне орай 18 үй табиғи газбен жабдықтау жүйесіне өз еркімен қосылған. Қазіргі таңда 10 көпқабатты тұрғын үйді (3 қазандық) газбен жылытуға қосу жұмысы тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүргізілуде.

Ұлбосын ИСАБЕК.