"ТОҚМЕЙІЛСІМЕУ КЕРЕК": ТОҒЫЗ АЙДЫҢ ДАМУ КӨРСЕТКІШІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 03.11.2019
Оқылды: 883
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ төрағалығымен өткен жиында тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қорытындыланып, алдағы міндеттер пысықталды. Оған аудан, қала әкімдері, мәслихат хатшылары, облыстық деңгейдегі департамент, басқарма, кәсіподақ ұйымдарының басшылары, ардагерлер кеңесі мен сайлау комиссиясының төрағалары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Амандық Ғаббасұлы алдымен жиында қаралатын негізгі мәселелермен таныстырып өтті. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовқа сөз беріліп, тоғыз айда атқарылған жұмыстар баяндалды. Алдағы кезде іске асырылуы тиіс шаруа жайы да пысықталып, орын алған кемшіліктер сараланды және түзету жолдары қарастырылды. Жеңіс Шылбынұлының айтуынша, аймақтың экономикалық жағдайын жақсартып, өнімді еселеуде біраз істің басы қайырылып, табыстарға қол жеткізіле бастаған. Қай салада болсын өсім бар.

Мәселен, ауылшаруашылығында жалпы өнім көлемі 586 млрд. теңгені құрап, 2 пайызға өскен. Еңбек өнімділігінің көрсеткіші де жаман емес. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 38 млрд. теңгеден аса мемлекеттік қолдау көрсетілген, оның ішінде субсидия да бар. Қазіргі кезде жиын-терін жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Егістік алқаптарынан барлығы 1 млн. 265 мың тонна астық бастырылып, 752 мың тонна картоп, 998 мың тоннадан аса көкөніс жиналған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Сонымен бірге, төрт түлік көбейіп, құс саны өсуде. Мал етін сату мен сауылған сүт көлемі ұлғайып, агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспортқа шығару көрсеткіші артқан. Өңдеу өнеркәсібі де жанданып келеді. Осы саладағы өсім есебінен өнеркәсіп өндірісі өркендеп, қосымша мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары да талапқа сай жүргізіліп, жұмыс істеп тұрғандары кеңейтілуде. Десе де бұл салаға күш салуды қажет ететін істер әлі көп. Мәселен, осы бойынша Ескелді, Кеген, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Райымбек, Сарқан, Ұйғыр аудандары мен Текелі қаласында бірде-бір нысан енгізілмепті.

Шағын және орта бизнесте жұмыс істеп тұрған субъектілер шамамен 124 мың бірлікті құраса, жұмыспен қамтылғандар саны 252 мың адамды құраған. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3,6 млрд. теңгеге 177 жоба мақұлданған. Жыл басынан бері шамамен 1 мыңнан аса адам 5 млрд. теңгеге шағын несиеге қол жеткізіпті. Дей тұрғанымен де осы бойынша игерілмеген қаражат көзі әлі бар көрінеді. Ал бөлшек тауар айналымы 4 пайызға өскен. Екі жүзден аса сауда нысандары ашылып, халыққа қызмет көрсетілуде. Оның ішінде интернет-дүкендер бар.

Байқағанымыздай, әлеуметтік маңызы бар күріш, қарақұмық, ұн, пияз, тауық еті сияқты азық-түлік түрлерінің бағасы көтерілген. Бұл жағдай, әсіресе, Қарасай, Ақсу, Райымбек, Ұйғыр, Ескелді, Іле, Панфилов аудандары мен Текелі қаласында орын алып отыр. Кәсіпкерлермен бірлесе іс атқарылып, инвестор тарту жұмыстарының күшеюінің арқасында аймаққа тартылған инвестиция көлемінің көрсеткіші жоғарылаған. Құрылыс жұмыстарының да қарқыны жаман емес. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 240 баспана тұрғызылып, «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде банктермен 4,5 млрд. теңгеге 500 өтінім қабылданып, оның ішінде 2,8 млрд. теңгеге 281 өтінім мақұлданған.

Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 71 жоба іске асырылып, шамамен 8 млрд. теңгеге сумен жабдықтау жүйесі жөндеуден өткізілуде. Аймақта 142 елді мекен газдандырылған, яғни, газдандыру деңгейі 30 пайыз. Бұған 6,6 млрд. теңге бөлініп, 28 млрд. теңгеден аса жеке инвестиция тартылған. Аймақта жаңа жұмыс орындарын құру ісі де өркендеп келеді. Мәселен, 9 айдың өзінде 42 мыңнан аса жұмыс орындары ашылып, жоспар асыра орындалған.

Жаңа формат бойынша 19 млрд. теңгеге 48 мыңнан аса отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленген. Білім және денсаулық саласы бойынша жаңа нысандар салынып, құрылысын жүргізуге қарастырылған қаражат көзі де аз емес. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өз ретімен іске асырылуда.

Осылайша, тоғыз айдың жұмыстарын тізбектеген облыс әкімінің орынбасары соңында алдағы кезде жүзеге асырылуы тиіс іс-шаралар жоспарын да пысықтады.

Жиын барысында, сондай-ақ, Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев, Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Абдалиев хабарлама жасады. Басшылар экономиканы көтеріп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды баяндап, кемшіліктерге де тоқталды. Амандық Ғаббасұлы осының себеп-салдарын сұрау үшін бірқатар басшыны орындарынан тұрғызып, жауап алды. Бұдан соң облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін, әсіресе, күнделікті тұрмыста қолданатын нан бағасын өсіруге жол бермеу үшін «Жетісу» ӘКК-мен бірлесіп, жұмысты күшейту керектігін айтты.

«Тағы бір негізгі индикатор – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, ол әрбір тұрғынға шаққанда 19 шаршы метрді құрайды. Яғни, 17 өңірдің ішінде тек 15-ші орындамыз», – деген аймақ басшысы құрылыс қарқынын арттыру, «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» бағдарламалары аясындағы жұмыстарға көңіл бөлу, ана мен баланы қорғау, ана өлімін болдырмау, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, жол жұмыстарына қажет мамандарды оқытып, даярлау сияқты істерге көңіл бөлу қажеттігін ескерте отырып, кемшіліктерді сынға алды.

Ал әлеуметтік сала бойынша: «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру бойынша мәселе көп. Мәселен, шағын несиелер бойынша 2 млрд. теңгеден аса қаражат әлі игерілмеген, несие беруді кеш бастайсыздар», – деп сөз қозғаған облыс әкімі шағын несиелендіру жұмыстарын жандандыруды міндеттеді. Сондай-ақ, қант қызылшасының өнімділігін арттыруды, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру бойынша жүріп жатқан жұмыстарды жеделдетуді, атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін анықтау жөніндегі комиссиялардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

Соңында облыс басшысы аймақта жүріп жатқан жұмыстардың аз еместігін назарға сала отырып, енді бұған тоқмейілсімей, жұмысты одан әрі жандандыру керектігін және күн тәртібінде қаралып, талқыланған мәселенің бәрі бақылауда болатынын айтты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА