ҚР Парламенті депутаттары Қаратал ауданына келді

Уақыты: 15.07.2023
Оқылды: 1433
Бөлім: САЯСАТ

Қаратал ауданына арнайы іссапармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек, Сенат депутаттары Амангелді Толамисов, Ғалиасқар Сарыбаев барып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, аудан активімен және де аудан ақсақалдарының қатысуымен кездесу өткізді.

Басқосу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың тұрмыс жағдайы, аудан аумағындағы өзекті мәселелер, атқарылып жатқан іс-шаралар мен алдағы жоспарлар туралы айтылды. Мәжіліс депутаттарын аудан әкімі Ұ. Досымбеков пен мәслихат төрағасы М. Әкімжанов күтіп алып, ауданда атқарылып жатқан ілкімді істермен таныстырды.

Алдымен халық қалаулылары аудандық төтенше жағдайлар және Үштөбе қаласының 8 өрт сөндіру бөлімімен танысты. Осыдан кейін, министрлер аудандық орталық ауруханаға бас сұқты.

Қаратал өңірінде 1 орталық аудандық аурухана, 5 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік бекет және 14 медициналық бекет медициналық көмек көрсетеді. Жалпы 40 685 тұрғынға 67 дәрігер, 319 мейірбике қызмет атқарады. Мекеме медицина қызметкерлерімен толық қамтылған. Қазіргі уақытта «А» блогының емхана бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Жыл соңына дейін «В» блогының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

– Барлық нысандардың жөндеу жұмыстарын жеке бақылауда ұстау маңызды. Қажет болса, апта сайын мердігерлермен кездесіп, өзекті мәселелерді жедел пысықтап отыру керек – деді Болат Бақбергенұлы.

Сондай-ақ, партияның 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында аудандық ауруханаға 2024 жылы компьютерлік томограф орнату жоспарланып жатқанын айтты. Ал 2024-2025 жылдары Жаңаталап, Кәлпе, Көпбірлік ауылдарында амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілмек.

"Жетісу-ақпарат"