БАУЫРЖАН БАЙБЕК АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 22.12.2021
Оқылды: 963
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында көзделген міндеттердің орындалу барысымен танысты.

Алдымен Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайына барып, сайлауалды бағдарламаны іске асырудың облыстық Жол картасы аясында ашылған физика, робототехника және бағдарламалау бойынша «Fab lab» инновациялық зертханасында білімін жетілдіріп жатқан оқушылармен кездесті.

– Біз қашанда дарынды балаларды қолдаймыз. Олар мемлекеттің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IT-саласын дамытуды тапсырды. Сондықтан дарынды, білімді балалар Қазақстанның болашағы. Мен көріп отырған оқушылар өте білімді, көп тілді меңгеріпті. Осында келіп, қосымша сабақ алады. Әрине, қосымша сабаққа қатысу қажет. Оқушылардың 20 пайызы ғана ақылы, қалғаны тегін білім алады. Бұл үлкен қолдау. Мемлекет тарапынан сіздерге барлық жағдай жасалған, – деген Бауыржан Қыдырғалиұлы зертханада әртүрлі робот жасап шығарған дарынды балаларға ризашылығын білдірді.

Келешекте бағдарламашы болғысы келетінін айтқан дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейдің 11-сынып оқушысы Алина Пак өмірін робототехникамен байланыстыратынын, еліміздің IT-саласын дамытуға барын салып, талмай еңбектенетінін жеткізді.

Келесі кезекте «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Талдықорғандағы Көрме кешенінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың республикалық Жол картасы аясында ашылған Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығымен танысты. Құрметті қонақтарды қарсы алған облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әйелдерді кәсіпке баулу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатқанын, әсіресе, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы өз кәсібін ашып жатқан жандардың көптігін атап өтті. Өз кезегінде партия өткізген праймеризге әйелдердің белсене қатысқанын, көпбалалы аналардың да іріктеліп шыққанын айтқан Бауыржан Қыдырғалиұлы мемлекет экономикасын өрістету жолында кәсіпкер әйелдердің де алар орны ерек екендігін жеткізді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы