"БІЗДЕ КЕРІСІНШЕ": "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫ АШЫҚ ПІКІРСАЙЫС ӨТКІЗДІ

Уақыты: 19.11.2019
Оқылды: 1270
Бөлім: МІНБЕР

"Nur Otan" партиясы Ақсу аудандық филиалының партиялық кадрлық резервіне үміткерлер ашық пікірсайыс өткізді. Шараға партия ардагерлері,  бастауыш партия ұйымдарының мүшелері қатысты.

Онда белсенділер шалғай ауылдарға интернет желісін тарту, көше жарықтары, жолдардың қалыпты жөнделуі мен ауызсу мәселесін көтерді. Үміткер Мұрат Орманов осы уақытқа дейін ауданның барлық ауылдары мен елді мекендерінде болып, халықтың ұсыныстарын жинақтаған. Онда байланыс, дәрігер жетіспеушілігі мен ауылдық амбулаторияларды күрделі жөндеуден өткізу мәселелері бар. Оның айтуынша, кез келген қаржылық мәселені шешу үшін бірінші сұраныс беру керек.

- Халықтың өтініші бойынша түскен сұраныстың нақты жобасы, шығындары толық есептеліп, жергілікті билік өкілдері нақты қай бағытта жұмыс жасайтынын білсе деймін. Ал бізде керісінше. Жүйесіз жұмыс ешқашан нәтиже бермейді. Осының салдарынан халыққа жағдай жасалмай қалады. Сондықтан, ең әуелі мерзім мен нәтижеге баса назар аударып отырмын, - деді Мұрат Жанабекұлы.

Көпбалалы аналардың әлеуметтік тұрмысын тұрақтандыру, ауылды жерде жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау үшін көмек қолын созу, жол көрсету мәселесі бойынша Сағадат Ермұхамбетов те біршама жүйелі жұмыс атқарған. Ауылдағы мәдениет саласы қызметкерлерінің жанайқайын жақсы түсінетін Асхат Досмұхамбетов әр ауылда қазіргі заман талабына сай мәдениет ошағының жұмыс істеуі қажет деп санайды.

Жастар арасында белең алған жұмыссыздық, баспана мәселелері мен жас отбасын сақтап қалудың жолдары турасында Өркен Досымбеков тұшымды ойын ортаға салды. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан, әсіресе, ауыл жастарына көп көңіл бөлініп, кәсіп түрлерінің саны артуы қажет. Ол үшін берілетін несиелерді жеңілдету жағын және ауылшаруашылығына бөлінетін субсидиялардың барынша қолжетімділігін қарастырса деген ұсынысын ортаға салды. Жастар іс бастауда белсенділік танытып, бел шеше жұмыс істесе деген тілегін айтты.

Пікірсайыс ұтымды ұсыныстарға, ұтқыр ой, жаңашыл жобаларға толы болды. Бастысы, үміткерлер арасында ортақ ұмтылыс пайда болды. Ол – өз туған жеріне деген жанашырлық, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға деген ұмтылыс.

Бағдагүл АХМЕТЖАНОВА,

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз хатшысы