БҰҚАРА ХАЛЫҚ "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ИГІЛІКТІ ІСТЕРІН ЖАҚСЫ БІЛЕДІ

Уақыты: 07.01.2021
Оқылды: 1270
Бөлім: МІНБЕР

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі елдің даму қарқыны жоғары. Дамыған отыз елдің қатарынан орын алуға ұмтылған мемлекетіміздің өркендеу жолы да өзгеше. Еселі еңбек өз жемісін беруде. Әлем Қазақстанды «Азияның барысы» деп танитын уақыт келді.

Дегенмен, қазіргі уақыт талабы басқа. Әлемді әурелеген пандемия, геосаяси жағдай, ұлтаралық қақтығыстар, жер һәм территория үшін болып жатқан шайқастар біраз елді әбігерге салды. Осындай сын сәттерде Қазақстанның бір ғана миссиясы – бейбітшілікке үндеу. Міне, осындай келелі мәселені Алматы облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Әсет Қыдырманов «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің аппарат қызметкерлерімен кездесуде сөз етті.

– «Nur Otan» партиясы талайдан бері халықтың жанынан табылып, көпшіліктің бар-жоғын түгендеумен келеді. Мысал келтіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ, – деген үміткер әлемді жайлаған пандемия кезінде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға 50 мың теңгеден жәрдем берілгенін айтты. – Биыл ғана Мақтааралдағы ағайын ойламаған жерден апатқа ұшырады. Тілсіз жаудың кесірінен талай отандасымыз үйсіз қалды. Міне, сол кезде қапы қалмаған партиямыз сондағы ағайынды азық-түлікпен, қажетті жабдықпен қамтамасыз ету үшін көлік керуенін жөнелтті. Міне, халық партияның осындай игілікті істерін біледі. Сондықтан көпшілік «Nur Otan» партиясын қолдап, дауыс беруге құлықты. Өйткені, «Nur Otan» халықтық партия ғой.

Кездесу барысында Әсет Қыдырманов «Nur Otan» партиясының Алматы облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп, 10 қаңтарда өтетін сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Мәулен ДАНИЯРҰЛЫ

(«Nur Otan» партиясы Алматы облысы Сайлау қоры қаражатының есебінен төленді. Тапсырыс беруші: Жөргенбаев Жанболат Әкебайұлы)