ТАЛҒАРДЫҢ ЕКІ ТҰРҒЫНЫ АЛАЯҚҚА АЛДАНЫП, ҚЫРУАР ШЫҒЫНҒА БАТТЫ

Уақыты: 28.02.2021
Оқылды: 543
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданының полицейлері құрылыс заттарын сатамын деп қос тұрғынды алдап соққан күдіктіні ұстады.

Талғар ауданының екі тұрғыны полицияға хабарласып, белгісіз адамның алдауына түсіп, материалдық шығынға батқандары туралы арыз берген. Күдікті өзінің жымысқы әрекеттерін іске асыру үшін құрылыс заттарын саудалайтын сайттардың мүмкіндігін сәтті пайдаланған.

«Қылмысқа қатысы бар адамды анықтауға бағытталған кеңауқымды шаралар барысында 1989 жылы туған Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны күдікке ілінді. Ол полициядан мүмкіндігінше бой тасалағанымен, Алматы қаласында қолға түсті. Оның мекенжайын анықтауда және құрықтауда Талғар АПБ жедел уәкілі, полиция майоры Ержан Айымбетов ерекшеленді. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды», - деді Талғар АПБ бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, полиция капитаны Ғалым Иманғалиев.

Полиция өкілінің ақпаратына сәйкес, тәртіп сақшыларының бұлтартпас айғақтарынан кейін күдікті өзінің қылмыстарын мойындаған және қаржылық қиындықтарға байланысты алаяқтыққа барғанын жеткізген. Полицейлер оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Қазіргі уақытта күдіктінің әрекетінен зардап шегушілердің шығындары есептелуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан