КӨЛІГІМЕН МЫЖЫП ӨЛТІРГЕН: ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ОҚИҒА

Уақыты: 20.05.2021
Оқылды: 1105
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі Қарасай ауданында болған тағы бір жантүршігерлік оқиғаны растады. Жүргізуші жаяу жүргіншіні қасақана түрде көлігімен басып, қашып кеткен. Ал зардап шеккен адам оқиға орнында көз жұмған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

19 мамыр күні сағат 19:00 шамасында Қарасай ауданының полиция басқармасына хабарлама түскен. Яғни, Қаскелең қаласында 50 жастағы жергілікті тұрғынмен белгісіз азаматтың арасында кикілжің туындап, көлік иесі қасақана түрде тұрғынды көлігімен басып, қашып кеткендігі жөнінде айтылған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, яғни, «Адам өлтіру» бойынша тіркеліп, тәртіп сақшылары оқиға орнына барған.

- Куәгерлердің айтуы бойынша, көліктің маркасы мен бағыт алған мекенжайы анықталған. Іздеуге кіріскен полицейлер ауылдың шетінен «Фольксваген Гольф-3» көлігін тапқан. Сол маңнан оның 61 жастағы иесі табылған. Ол Қаскелең қаласының тұрғыны болып шықты, - делінген ведомство хабарламасында.

Ұсталған жүргізушінің жеңіл дәрежеде ішімдік ішкені анықталды. Ол болған оқиға бойынша кінәсін жоққа шығармады. Анықталғандай, жәбірленуші мен күдіктінің арасындағы жанжал жол ережесіне байланысты туындаған. Жаяу жүргінші көліктің үстіне шығып, терезесін ұра бастаған. Сол сәтте жүргізуші көлікті қозғалтып, бірден тоқтатып, адамды жерге түсірген. Осы сәтте күдікті көлігімен қасақана түрде адамды басып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Қазір 61 жастағы азамат қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"