ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЕКІ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ ЗАҢСЫЗ КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАҒАН

Уақыты: 29.07.2021
Оқылды: 2654
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Талдықорған қаласының прокуратурасымен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған шарттардың заңдылығына талдау жүргізді.

Талдау нәтижесінде "Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі" және "Талдықорған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемелері «Талдықорған Коркейту» ЖШС-мен заңсыз түрде келісім шарттар жасағаны анықталды.

Атап айтқанда, атлаған мемлекеттік органдар "Талдықорған Коркейту" ЖШС-мен санитарлық тазалау, көшелерді жазғы тазалау және жуу, аялдамалардың кешендерін күтіп ұстау, саябақтар мен шағын бақтарға қызмет көрсету жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу арқылы келісім шарт жасаған. Алайда жоғарыда аталған қызметтердің түрлері Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келмейді, яғни, келісім шартта көрсетілген жұмыстарды жасауда аталмыш серіктестіктің мүмкіншілігі шектелген. Себебі, серіктестік акцияларының 100 пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлға болып табылады. Сондай-ақ, Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес, мемлекет тауарларды бәсекелес нарықта өткізу конституциялық құрылыстың, ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, халықтың денсаулығын сақтаудың жай-күйіне теріс ықпал етуі мүмкін қызмет салаларында тауарды өндіруге және (немесе) сатуға, сатып алуға немесе оларды пайдалануға мемлекеттің айрықша құқығын заңмен бекіту жолымен бәсекелестікті шектеуге құқылы.

Аталған жұмыстар бәсекелестік аймағына жатады және конституциялық құрылысқа, ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпті қорғауға, адамның құқықтарын және бостандығын және халықтың денсаулығына жағымсыз әсер етпейді, бұндай жағдайлар мемлекеттік органдардың нарықтық бәсекелестікке шектеу қойғандығының дәлелі.

Мемлекеттік органдардың жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттері жеке кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестікті шектеуге алып келді. Осыған байланысты департаментпен Талдықорған қаласы прокуратурасының талабы негізінде аталған мемлекеттік органдарға қатысты келісім шарттарды бұзу туралы нұсқама шығарылып, лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Гүлмира НАЙМАНОВА,

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті тергеп-тексеру бөлімінің басшысы