ТАЛДЫҚОРҒАН КӨШЕЛЕРІНДЕ САЙРАН САЛҒАН МАС ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 06.08.2021
Оқылды: 1075
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған көшелерінде мас күйінде көлік тізгіндеп, сайран салған жүргізуші қолға түсті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Алматы облысының полицейлері жол қауіпсіздігі қызметінде жүріп, Талдықорған қаласының орталық көшелерінің бірінде Subaru автокөлігін тоқтатады. Бірақ жүргізуші биліктің заңды талаптарын елемей, жасырынуға шешім қабылдап, қаша жөнеледі.

«Патрульдеу мен қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде №161 борт экипажы, полиция аға лейтенанты Азамат Барлыбаев пен Еркебұлан Байғалиев Subaru автокөлігін тоқтатты. Жүргізуші жауап ретінде қала көшелерінің бойында полицейлерден қашып, жасырынуға шешім қабылдады. Көп ұзамай тәжірибелі полицей оны қуып жетіп, жолдың шетіне қарай тықсырды, осылайша қауіптің алдын алды», - дейді Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Қуалау кезінде жүргізуші мен оның көлігі зардап шеккен жоқ. Анықталғанындай, көлік жүргізушісінің бұлай қашуының өзіндік себебі болған. «Әңгіме барысында полицейлер көлік тізгіндеген азаматтың алкогольдік мас күйде болғанын байқады. Тексеру кезінде дәрігерлер жүргізушінің қанында алкоголь бар екенін растады. Қазіргі уақытта сот 35 жастағы қала тұрғынына 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады», - деп толықтырды полиция полковнигі А.Нұрсапа.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды