АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ШЕТЕЛДЕН ӘКЕЛІНГЕН 37 КӨЛІК ЗАҢДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 06.08.2021
Оқылды: 1186
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының 37 тұрғыны мемлекеттен ұсынылған мүмкіндікті сәтті пайдаланып, армениялық көліктерін тіркеуге қойды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысы полиция департаментінің әкімшілік полициясы ақпаратына сәйкес, 2021 жылы 37 тұрғын Армения елінен әкелінген көліктерін мемлекеттік тіркеуге қойған. Шетелдік көліктерді заңдастырудың бірегей мүмкіндігін еліміздің көптеген азаматы пайдаланған.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 27 ақпандағы қаулысына сәйкес, елімізге Армениядан әкелінген көліктерді тіркеуге қою мерзімі 2022 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімге ұзартылды. Шетелдік тіркеудегі көлігі бар тұрғындардан осы мүмкіндікті жібермей, тіркеуге тезірек қоюға шақырамын», - деді Алматы облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы Процессинг орталығының аға инспекторы, полиция подполковнигі Ержан Жантілеуов.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр ҚР Үкіметі Армения елінен әкелінген көліктерді тіркеуге қою тәртібі мен мерзімін бекіткен болатын. Дегенмен, жаһанды жайлаған коронавирус індетіне, мемлекеттік шекаралардың жабылуына және көліктерді сынақтан өткізу мекемелерінің жұмысындағы өзгерістерге байланысты уақытша тіркеуге қою мерзіміне өзгертулер енгізіліп, ұзартылған болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды