ТАЛДЫҚОРҒАНҒА "СЕРГЕК" ҚОЙЫЛДЫ, БІРАҚ ЖОЛ АПАТЫ АЗАЯР ЕМЕС

Уақыты: 31.08.2022
Оқылды: 1148
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Соңғы кезде облыс аумағында жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Биыл жыл басынан бері 281 жол-көлік апаты орын алып, 528 адам зардап шеккен. Облыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, көлік апатының басты себебі көбіне жоғары жылдамдық болып отыр. Есепті кезең ішінде 116 жол көлік оқиғасы жылдамдық асырғандықтан орын алған.

Ең қорқыныштысы, жыл басынан орын алған 53 жол-көлік оқиғасынан 75 адам қаза тапқан. Олардың бәрі де жол белгілерін ескермегендіктен апатқа ұшыраған. Сондай-ақ, кісі өліміне апарған жол апаты негізінен жаяу жүргіншілерге қатысты болған. Атап айтқанда, Алакөл ауданында 10, Кербұлақ ауданында 9, Ескелді ауданында 8, Сарқан ауданында 7 жаяу жүргінші көлік апатынан көз жұмған.

Мамандар жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын күндерді анықтапты. Яғни, дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 13.00-ден 23.00-ге дейінгі аралықта жол апаттары көп тіркеледі екен.

Жол бойындағы апатты азайту мақсатында тәртіп сақшылары қосымша шараларды қолға алып, республикалық маңыздағы жолдарды қадағалауды күшейткен. Атап айтқанда, көлік қозғалысының қауіпсіздігін бақылайтын жол-патруль қызметінің ротасы батальонға айналдырылып, жеке құрамның штаттық саны артқан. Одан бөлек, аймақта «Сергек» бақылау камераларын көптеп орнату мәселесі қолға алынып жатыр. Алдағы күндері облыс орталығына 50 бейнекамера, облыс аумағына 400 бейнекамера орнатылады. Қазірдің өзінде Талдықорған қаласына 5 «Сергек» бейнекамерасы жұмыс істей бастады.

Талдықорғандағы "Сергек" камералары Жансүгіров-Балпық би, Біржан сал-Гауһар ана көшелерінің қиылысында, айналма жолдың Алматы және Үштөбе бағыттарында және Жансүгіров бойында (политехникалық колледжге қарама-қарсы) қойылған. Полиция департаментінің өкілдері аталған камералар қазірше сынақ түрінде жұмыс істейтінін, ешқандай айыппұл салынбайтынын айтты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Жетісу облысы