Талдықорғанда құны 1 миллиард теңгеден асатын конкурстың күші жойылды

Уақыты: 27.02.2024
Оқылды: 422
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысының прокурорлары мемлекеттік сатып алу конкурстары кезінде заңбұзушылықтардың алдын алды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Жетісу облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Талдықорған прокуратурасы құны 1 миллиард теңгеден асатын 6 мемлекеттік сатып алу конкурсының күшін жойған.

"Тапсырыс берушілер конкурстық құжаттамада біліктілік талаптарын негізсіз жоғарылатып, сол арқылы әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектеп, қиындатқан.

Тағы бір жағдайда, құны 500 миллион теңгеден асатын қала көшелерін ағымдағы жөндеуге конкурс жарияланған кезде тапсырыс беруші жөндеуді қажет ететін көшелердің атауларын нақтыламаған, әр көшедегі жұмыстың сметалық құнын анықтамай, ақаулы актілерді ұсынбаған", - делінген хабарламада.

Прокуратура шараларымен заңбұзушылықтарды дер кезінде алдын алып, кәсіпкерлік субъектілерінің ашық конкурсқа қатысуын қамтамасыз еткені айтылды.

Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов