"КӘСІП АШСЫН": ЖАЗА БАСҚАНДАРҒА ЖАҢАША КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Уақыты: 01.02.2020
Оқылды: 1108
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы әкімдігінің жанындағы қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ, қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары, облыстық консультативтік-кеңесші органның төрағасы Батыржан Байжұманов күн тәртібінде көтерілетін мәселелермен таныстырды.

Отырысқа облыстық консультативтік-кеңесші органның мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, облыстағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары, облыстық прокуратура, басқарма басшылары және бейнеконференция арқылы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Жиында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған арнайы контингент арасында наркомания, алкоголизм және АҚТҚ/ЖҚТБ ауруына шалдыққан азаматтарға көрсетілетін ақысыз медициналық көмек және оларды диспансерлік тіркеуге алу туралы маңызды мәселелер сөз болды.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің медициналық қамтамасыз ету тобының бас маманы, әділет капитаны Н.Дайырбекова баяндама оқыды.

– Департаментке қарасты түзеу мекемелерінде бас бостандығынан айырылған 120 адам АҚТҚ тіркеуінде тұр. Аурудың асқынуын болдырмау үшін тұрақты түрде акция, кездесулер, дәріс, тренинг өткізіліп тұрады. Былтыр осы тіркеуде тұрған 12 адам бостандыққа шықты. Оларға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық ұйымдар қызмет көрсетуде. Бүгінде бес мекемеде терапевт дәрігері жетіспейді, – деп осы орталықтарда флюорографиялық аппараттың жоқтығын және дәрігерлер жалақысын 30 пайызға көтеру керектігіне тоқталды.

Осыған байланысты сөз алған Батыржан Құлаймергенұлы:

– Қазақстан бойынша денсаулық сақтау саласындағы мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға өскені белгілі. Ал еңбекпен түзеу мекемесіндегі медициналық қызметкерлердің жалақысы көтерілмеген. Сондықтан да дәрігерлер тапшылығы білініп отыр. Жақсы айлық болса, жұмысқа келеді, – деп облыстық денсаулық сақтау басқармасына ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне осы жөнінде хат әзірлеуді тапсырды.

Одан соң облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты пробация қызметінің бөлім бастығы Р.Ержігітов аймақтағы пробация қызметінің есебінде тұрған жастар жайын сөз етті. Ал Талдықорған өңірлік жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорының директоры С.Сәдуақасова бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне назар аударды.

Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов:

– Маңызды мәселелерді сөз еттік, көптеген ұсыныс-тілек айтылды. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медициналық көмек көрсету жұмысын жандандыру қажет, – деп жиынды қорытындылап, бостандыққа шыққан адамдарға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жеке кәсіптерін ашуға, мемлекеттік грант ұтып алуға жағдай жасау, оқуға жіберуді қолға алуды тапсырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы