Тарих пен тіл тамырлас

Уақыты: 03.10.2017
Оқылды: 9967
Бөлім: ТҮПСАНА

Тіл – елдігіміздің белгісі, атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұра, ұлттық рух пен болмыстың алтын қазығы, тарихымыздың тамыршысы. Тіл – білімнің кілті, тәрбие негізі. Халқымыздың бар болмысын, рухани дүниесін тіл арқылы жас ұрпақтың бойына сіңіреміз. Осы орайда Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясында тілдің қадір-қасиетін арттырған айшықты шара өтті. Оған  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін қатысты. 

Мектептегі тіл онкүндігі аясында өтіп жатқан шараны оқушылар ақындардың өлеңімен ашып, тілдің құндылығы туралы жазған шығармаларын оқыды. Ән айтып, күй де күмбірлетті. 
Шара барысында сөз алған Әміре Әрін:
– Құлаған рухымызды тіл арқылы көтереміз. Тілсіз күніміздің, еліміздің жоқ екені айқын. Тілдің қасиетін терең түсініп, көкірегімізде әлдилеуіміз керек.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біздің ана тіліміз – арғы түркі тілі болғанын, қазақ әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын жазған болатын. VI-VII ғасырларда Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді. Демек, 5 ғасырдан 15 ғасырға дейін, яғни мың жыл бойына түркі тілі халықаралық тіл болды.  Бұл қазақ тілінің бүгінгі ағылшын тілі сияқты әлемдік тіл болғанын көрсетеді. Бүкіл итальяндық көпесің, орысың, арабың бар, бәрі Ұлы Далада біздің ана тілімізде сөйлеген. Біздің тілде дипломатиялық хат алмасқан.  Сондықтан біздің түркі тілі – әлемдегі ең көне тіл. Оны Англияда елші болған Әділ Ахметов ағаларың дәлелдеген. Ол кісі бір күні Америкаға барып, үндістердің тұрмыс-тіршілігімен танысса «ата, апа, балта» деген сөздері біздің қазақ тіліне ұқсап тұр. Содан сол елдің кітапханасына барып, үндістердің тарихына зер салса, олардың түркі тектес екеніне көз жеткізеді.  Оны америкалықтар баяғыда-ақ дәлелдеп қойған. Үндістер кезінде аң аулап жүріп, Беринг бұғазы арқылы Америкаға өтіп кеткен. Сондықтан Американы ашқан Колумб емес, біздің бабаларымыз – түркілер. Сол үндістер Америкаға біздің тілімізді де ала барды. 
Біздің эрамызға дейінгі 3-4 мыңыншы жылдары Шумерлер деген дәуірлеп тұрған мемлекет болған. Олардың мемлекеттік тілі   түркі тілі болған. Оны да ғалымдарымыз дәлелдеп отыр. Демек, біздің тіл – ұлы тіл. Шумерлердің алғашқы руникалық жазуы арқылы гректер өздерінің әліпбиін жасайды, одан кейін дәуірлеген римдіктер біздің әліпбидің нұсқасы арқылы латын қарпін жасап шығарады. Осындай ұлы тілді асқақтата білуіміз керек, – деді ол. 
Бұдан соң оқушылар сұрақтарына жауап берген ақын өзінің өмір жолы, шығармашылығы туралы да азды-кем әңгімеледі. Туған тіл, тарих, отансүйгіштік турасында  тағылымды әңгіме айтқан ақынға мектеп директоры Гүлжанар Еспанова алғысын білдіріп, бұл күнгі кездесуден оқушылар көкейлеріне көп нәрсе тоқып, патриоттық сезімдерінің де арта түскенін жеткізді.
Ақынның тереңнен сыр шерткен, тіл мен тарихты астастырған мәнді де мағыналы, әсерлі сөздері жас ұрпақтың жүрегіне шам жаққаны анық.

Алма ЕСЕНБАЕВА.