Алты жүз қасиетті орын анықталды

Уақыты: 03.10.2017
Оқылды: 1252
Бөлім: ТҮПСАНА

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла САМАШЕВ, этнограф, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Жамбыл АРТЫҚБАЕВ және аталған ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Қайсар ТҰРСЫНҒОЖАНЫҢ қатысуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Қазақстанның қасиетті жерлері географиясы» жобасын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Елбасы мақаласының басым бағыттарының бірі – Қазақстанның қасиетті жерлерін анықтау. Қазақстанның қасиетті жерлерін анықтау үшін арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының жетекшісі – ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Бұл жоспарды түбегейлі атқару «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына жүктеліп отыр. 
– Бүгінгі таңда біз әзірлеген нұсқаулық бойынша 1000-ға жуық мәлімет келіп түсті. Бүгінде жетекші ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құрылған сараптамалық кеңестің шешімімен 100 жалпыұлттық деңгейдегі, 500 жергілікті маңызы бар қасиетті орындардың тізімі жасалды. Іс жүзінде халық бұл жерлерді біледі. Біздің міндетіміз – қасиетті орындардың бірыңғай желісін құру. Болашақтағы міндет – оларды кеңінен насихаттау, – дейді орталық жетекшісі  Берік Әбдіғали.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев: 
– Бізде тарихи оқиғалар өткен, бірақ қазіргі күнде ол жерде ешқандай белгі сақталмаған, ешқандай із байқалмайтын жерлер бар. Қираған ескерткіштердің сынығы немесе жай орны ғана қалған нысандар бар. Алайда тарихи мәні өте зор болғандықтан ол жерді құрметтеп жатамыз. Мысалы, Таңбалытасты алсақ, толық қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Бұл өте маңызды нысан. Осындай қасиетті орындарымызды тізімге енгізу ұсынылуда, – дейді. 
Қазақстанның қасиетті орындарының картасын қалыптастыру барысында аймақтарда жұмыс топтары құрылып, ұсынылған қасиетті нысандар бойынша республикалық этномәдени экспедиция жұмысы ұйымдастырылып жатыр. Берік Әбдіғалидың айтуынша, сараптамалық топ киелі жерлердің тізімін жасау үшін бірқатар жұмыс жүргізген. 
 – Осы бағытта арнайы жұмыс топтары құрылып, олар жергілікті мамандармен, өлкетанушылармен, ақсақалдармен ақылдасып, өз ұсыныстарын берді. Бүгінгі күні ұсыныстар жиналып, сараптамалық жұмыстардан өтіп, кеңестің шешімімен жалпыұлттық және жергілікті деп екіге бөлінген. Қасиетті орындарды нақтылау үшін өңірлерде экспедициялық жұмыстар басталып кетті. Экспедицияның басты мақсаты – жұмыс топтары ұсынған тізімді мамандармен ақылдасып, аңыздарды жинау, – дейді ол. 

Қажет АНДАС.