Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҰЛТ ҰСТАЗЫ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 27.04.2022
Оқылды: 951

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», – деп Алаш жұртының арғы-бергі тарихын түгендеп, ғылымының тұмасын ашып, қараңғы қоғамның қоламтасын үрлеп, білімнің шырағын жаққан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл. Осынау ұлы тойды ЮНЕСКО көлемінде тойлғалы жатқан қазақ халқының негізгі шаралары жер-жерде бастау алуда. Шымылдығы Елорда төрінде түрілген рухани мерейтойдың жалғасы Жетісу жерінде де өрнек тауып, Тіл сарайының ауласында Ахмет аллеясы салтанатпен ашылды.

Қазақ тілі үшін саналы ғұмырын сарп еткен тұғырлы тұлғаның аллеясы Жетісу төріндегі, жалпы ел көлемінде жалғыз ғана Тіл сарайы болған мекеменің ауласында ашылуының мәні мен мазмұны зор. Өйткені «Ана тілі» деген атауды қазақ ұғымына сіңісті етіп, тілдік ғылымды түзіп, қазақ тіліне мыңнан астам термин сөзді енгізген, білім-ғылымның шырағданы болған ұлт ұстазының күрескерлік ғұмыры, қайраткерлік қажыры осынау ұлы құндылығымызбен астасып жатыр емес пе?!

Тарихи сәт саналған шырайлы шараның басында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен ұстаздар, тіл жанашырлары Тіл сарайының ауласына шырша отырғызу рәсіміне куә болды. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Мұратбек Иманғазинов, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Ермұхан Маралбек, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов шырша көшетін арнайы егіп, Жер-ананың бауырына біткен жаңа өскінді «Ахметтей өршіл, көпке сая болсын» деген ниетпен суарды.

Облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен қойылған кітап көрмесі, «Тіл және Тәуелсіздік» атты республикалық суретшілер байқауында салынған бейнелеу өнерінің туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Шара барысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов сөз алды. Ол:

– Қазақ халқының ертеңі үшін маңдай терін шүмектетіп еңбек еткен дара тұлғаларымыз жетерлік. Солардың қатарында, тіпті түп бастауында Алаш арыстарының бірі, ғылым-білім көкжиегін кеңейткен дауылпаз тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының тұратыны әмбеге аян, – дей келе, ғалымның ұлт үшін атқарған істерін саралап, тіл мен діл, дін, ұлт пен рух үшін күрескен сан оқиғасын санада сайратты.

Өз кезегінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Мұратбек Иманғазинов, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Ермұхан Маралбек, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов, шараның ұйытқысы болған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Рахмет Есдәулетов салтанатты түрде аллея алдындағы ескерткіш тақтаның шымылдығын ашты. Қуанышты сәт барысында кимешекті әжелер шашу шашса, тіл жанашыры, ардагер ұстаз Әукен Қазыбаев ақсақал ақ батасын жаудырып, елдің амандығын, жұрттың есендігін, ұрпақтың дара ұстаздай ұлағат таратар тұлға болуын Алладан сұрасты.

Талдықорған қаласындағы № 9 орта мектептің оқушылары А.Байтұрсынұлының шығармаларын, мысалдары мен өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Қазақтың төл мәдениетін жасауда өз ғасырынан оза туып, тағдырын ұлтына арнаған санаулы тұлғалардың бірі, қилы кезеңнің шідерін шарт үзіп, қамытын құба түзге лақтырған қайраткер баба, репрессия құрбаны болып елі үшін қорғасын оққа таңылып кеткен А.Байтұрсынұлының аллеясы ашылғаннан кейін, көпшілік «Дөңгелек үстел» форматында өткен жиынға қатысты.

Аталмыш жиында алыс-жақыннан келген, ғалымдар мен профессорлар ұлт ұстазының тағдырын безбендеп, ұлы қайраткерлік істерін ел санасында жаңғыртар тың деректермен әбзелденген баяндамаларын оқыды. Алаш арысының айшықты ғұмырының беймәлім тұстарын термелеп, тарихи құжаттармен таныстырып, өрелі ойларын ортаға салды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы