Тарихи мәні зор еңбек

Уақыты: 30.09.2017
Оқылды: 1234
Бөлім: ТҮПСАНА

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының тарихи мәні зор. Оны әрбір Қазақстан азаматы түсініп, түйсініп, тереңіне бойлап оқуы керек деп ойлаймын. Өйткені өз мақаласында Елбасы атап өткен рухани жаңғыру мәселесі – осы уақытқа дейін біз бастан өткерген саяси реформа мен экономикалық жаңғырудың заңды жалғасы екені анық. Сол себепті де Мемлекет басшысы бұл құжаттың атын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп атап, енді біздің Үшінші жаңғырудың белесіне көтерілгенімізді пайымдатты. Бұл тәуелсіз Қазақстан елінің әлемдік шыққан биігі, ұтқан ұпайы десек, артық айтпағанымыз.

Мәселен, Ел Президенті тарихи мәні бар бұл құжатта жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін баса айтты. Сондай-ақ, ұлттық бірегейлікті сақтаудың да маңызы зор екенін атап өтті. Яғни, бұл дегеніңіз елдің өткен тарихына үңілу, жоғалтқанымызды түгендеп, өшкенімізді жандыру болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, тарихты қайта түлетіп, ұлттың рухын тірілту деген сөз. Бұдан бөлек, аталған еңбекте қазіргі заманның басты талабы – бәсекеге қабілеттілік, қысқа мерзім ішінде елдің біртұтас латын әліпбиіне көшу мәселесі де ортаға тасталды.  
Мен үшін тағы бір ең маңызды, ең әділ шешімнің бірі – Рухани жаңғыру аясында «Туған жер» бағдарламасының іске асырылуы. Бүгінде Қазақстан халқы бұл бастаманың жемісін жей бастады десек, артық айтпағанымыз. Аудан-ауылдарда жолдар салынып, атымтай жомарт азаматтардың көмегімен мешіт, аурухана, балабақша сынды көптеген пайдалы нысандар салынып,  халық игілігіне айнала бастады. Атадан қалған «Туған  жерге туыңды тік» деген тағылымның орындалатын күні туды бүгін. Осы мақсатта біз де аянбай еңбек етіп, Елбасының сарабдал саясатының өңірлерде жүзеге асуына бар күшімізді салатын боламыз!  
                                                         

Алмас БАЙҒҰНЫСОВ,
Тастөбе ауылдық округінің әкімі.
Қаратал ауданы.