Келешектің кілті

Уақыты: 05.10.2017
Оқылды: 1407
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында №12 орта мектеп кітапханасында «Латын әліпбиі – келешектің кілті» атты «дөңгелек үстел» өтті.

Кітапханашылар оқырмандарды шара мақсатымен таныстырып, қазақ тілінің жазба тарихы туралы деректер берсе, жастар ісі жөніндегі нұсқаушы осы тақырып аясында дайындаған бейне роликті оқырмандар назарына ұсынды.
Сөз кезегін алған Айнабұлақ ауылының әкімі  М. Бәзілов дүниежүзіне экономикалық дағдарыс пен терроризм, лаңкестік қауіп-қатер төніп тұрған кезде мемлекетіміздің өркениетке қарай қадам жасап, оның ішінде ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, рухани жаңғыруға ұмтылуы болашағының жарқындығын, жолының  нұрлылығын, елінің мәңгілігін көрсететінін айтып өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері  Г. Шарипова Парламентте талқыланған маңызды мәселеге қатысты өз ойын білдіріп, латын әліпбиінің еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екенін айтып өтсе, Г. Аманбаева бұл үрдістің қазақ еліне ешқандай жат еместігін, тамыры сонау ежелден тарағанын, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге жетуіне жол ашатынын тілге тиек етті. Жас оқырмандар да өз ойларын ортаға салып, латын әліпбиіне көшкенімізде ұтатын тұстарымызды айтып, қолдайтындарын білдірді.


Гаухар ҚОСЫМҚҰЛОВА,
Айнабұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
Көксу ауданы.