Болашаққа бастар жол

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 959
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», – деп қадап айтқан болатын. 

«Үш тұғырлы тіл» саясаты мемлекеттік тілден кейін ғана орыс, ағылшын тілдерін қоса пайдалану, тіл қатынасын жетілдіру мақсатында жүзеге асырылуда. Демек, онда мемлекеттік тілге басымдық беріліп, өркениетті  30 елдің қатарынан табылу мақсатында азаматтардың тіл меңгеруін, қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ету, ақпарат алу, шетелдік компанияларға кедергісіз жұмысқа орналасу мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді.
Жетісу мемлекеттік университеті құқық және экономикалық факультетінің ұжымы мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының профессор-оқытушылық құрамы да осы саясатты жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда.
Кафедрамызда PhD (философия докторы) Д. Нұрмұханқызы 2016 жылдың мамыр айында ағылшын тілінде халықаралық тестілеуде сынақты жоғары деңгейде тапсырды, қазіргі таңда университетте ағылшын тілінде дәріс беретін жас мамандардың бірі.
Аға оқытушы, заң ғылымдарының магистрі А. Ибраев 2017 жылғы 12 маусыммен 31 тамыз аралығында Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде 300-ден астам оқытушымен қатар «Foreign language for Teacher Training Specialties» атты тіл білімін жетілдіру курсынан өтті. А. Ибраев университетте 3 тілді жетік меңгерген жас мамандардың бірі. Осындай жас мамандар білімін жетілдіре отырып, болашақ ұрпаққа жақсы білім беріп, білгенін үйретеді деген сенімдеміз, өйткені ана тілін жетік білу, басқа тілді меңгеру жастардың өмірлік көзқарастарын кеңейтуге, заман талабына сай болуға, өркениеттің даму ырғағына ілесіп, қоғамның алға жылжуына үлес қосары сөзсіз.

Салтанат Сайдахметқызы,
тарих ғылымдарының кандидаты.