Өнердің қай саласына да жаңару мен жандану қажет-ақ! Кемеңгер жұрттың «өз сорпасымен өзі қайнап жатыр», – деген сөзінің астарында қарама-қайшы пікір тұрғандай.Біріншіден, ешкімге тәуелді болмай, талантын елге мойындатуда деген ойға жетелесе, екіншіден, қолы қысқа болған соң ілбіп қана келе жатыр дегенге саяды. Ал облыстық Б. Римова атындағы драма театрдың ұжымы қашаннан кемелдену, толысу мен жандану жолынан қиыс кетіп көрген емес.
Оған дәлел, мазмұнды да мәнді қойылымдар ел назарына үздіксіз ұсынылып келе жатқандығында. Қырық жылдан астам тарихы бар театрдың дәстүрлі шарасына айналған іс – сырттан режиссер шақырту. Бұл дағды сөзіміздің басында тілге тиек еткендей, өз-өздерімен қайнамай, өзге де шаңырақтағы өнер майталмандарын шақырып, солармен қоян-қолтық жұмыс жасап, тәжірибе алмасу үшін. Сол себепті, Астана қаласының Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовты шақырып, бір ай бұрын қызу жұмысқа кіріскен болатын. Жуырда, театр ұжымының төккен тері еленіп, еңбегінің оңды бағасын алып, ел ықыласына бөленгендей болды.
Яғни, режиссер Болат Ұзақов Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» атты комедия-фарсын Б. Римова атындағы драма театр ұжымымен бірлесіп сахналады. Әзілге құрылған қойылым ел жүрегінен орын алып, көрерменді шексіз қуанышқа бөледі. Ал Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова сынды өнер майталмандарының ойнауы, қойылымға жан бітіріп, естен кетпес көрініс ретінде санамызға сақталуға сеп болғандай. Алайда, бұл қойылым несімен құнды, елге берері не деген сауалдың туындайтыны ақиқат. Сол себепті, шайырлардың тілімен айтқанда, қиялды қытықтаған көрініске батырша барлау, шешенше шолу жасап көрелік...
«Сын – шын болсын, шын – сын болсын», – деп айтқан екен проза тарланы М. Әуезов. Біз театр сыншысы болмасақ та, қара сөздің парқын білетін, қойылымын назардан тыс қалдырмаған көрермен ретінде біраз дүниені еркін ажырата аламыз десем, артық айтқандық болмас. Сондықтан да ғажайып жазушының сынын болмаса да шынын қағида етіп ұстағанды жөн санадық. Қойылымның әлқиссасы, Алпанның жігіттің сұлтаны атанып, ең жақсы еркек болған қуанышынан басталды. Ал сондай саңлақтың үйіне баса-көктеп кірген «Әйелдер әлемі» қауымдастығының мүшелеріне, яғни, төрт әйелге таңдандық. Тіпті, өктемдік танытып өңмеңдеген, қуаныштан құрақ ұшқан жанның шаңырағын қазақы ырым бойынша аршамен аластап, дерек алып, пікірлесуге, тіпті, осындай азаматты нәзік жандылар жұмыла қорғау керектігін танытқан бейтаныс жандардың суық жүрісі өрескел көрінді. Алайда, бұл «лирикалық шегініске» жақын туынды екені Алпанның дуаланған сәтінен бастап айқындала түсті. Ал соңы жақсылықпен аяқталғаны барша көрерменге таңсық емес.
Хош, пьесаның қойылуы мен мазмұнын баяндау уақыт пен шабытты қажет етпек. Ал бұл қойылымның тамаша өтуі драматург пен режиссердің еңбегі десек те, театр әртістері шығарманы шыңырауға құлатпай шыңға шығарып тастағандай болғаны ақиқат. Көзі қарақты, көкірегі даңғыл көрермендерге мұндай қойылым өте қажет-ақ. Неге? Өйткені, қоғамның қотыры, соқыры да осы бір шығарманың өн бойынан көрініп-ақ тұр. Ал келеңсіз көріністерді жіпке тізгендей бір қойылымға сыйдырған, жеңіл әзілмен өмірімізді көз алдымызға келтірген осындай шығарманы күресінде қалдырмай, дер кезінде ел назарына ұсынғанның өзі үлкен құрметке лайықты іс деп білеміз.
Несімен ұтты деген сауалды да саралап көруге ыждағаттылық танытар болсақ, бір ғана «Әйелдер әлемінің» директоры бүгінгі күнімізді толықтай ашып тұрғандай. Өйткені, айналамызға қарасақ, адамдарды байлыққа құлшындыру мақсатында неше-неше ұйым құрылуда. Ал олардың ел игілігі үшін қызмет етіп жатпағаны белгілі. Сондай-ақ, қойылымдағы көріпкел бейнесін қоғамымызда жоқ, ондайдан еліміз ада деп айтар жан табылмас. Тәуіп, әулие немесе бақсы, балгер жағалап жүрген пенделер де жетерлік. Оларды алдап жүрген көріпкелсымақтардың өзінде кие, сөзінде жүйе болмайтындығы да ақиқат. Ал сылқым бикеш бейнесі тіпті, күнде көріп, көңіл бөлмесек те көз алдымызда көлбеңдейтіні ащы да болса шындық. Бес баланың анасы бола тұра «ең жақсы еркекке» есі ауа кеткендігі де, қоғамдағы махаббаттан тұрлау таппай, сезіміне тоқтау сала алмай жүрген жандарды елестетеді. Міне, сол себепті де мұндай пьесаның бірін емес, жүзін сахналаса да ел үшін, жас-жеткіншектер үшін тигізер әсері мол болар еді. Ал сахарадағы жанға тамшы судың өзі байлық болатыны сынды, қара шаңырақтың осы бір пеьсаны қойғаны бүгінгі күннің дертіне дәру, жауырына жабу болғандай.
Сондай-ақ, көлеңкеден сұлба іздейтін ауыр саладағы журналистің, шабыты маздаған соң шартарапты кезген көбелектей күйде жүрген ақынның, Алпанда алабөтен ойы жоқ биші қыздың бейнесі қойылымға жан бітірген, жауға аттанар ерекше жасақтай. Әр саланы жеке кеңістік өкілдері деп білетін болсақ, жеті әлемдегі жанды бір шығармада беру тағы да Сұлтанәлі сынды сақа драматургтың қолтаңбасының ерекшелігінде болар. Бір сөзбен айтқанда, театр ұжымы да, жазушы мен режиссер де бұл жағынан ұтпаса, ұтылған жоқ. Оған дәлел, еркекті дуалау арқылы тәубесіне түсіреміз деп жарық күнін тамұқ етіп алған әйелдердің өмірі көрерменге еріксіз күлкі сыйлап, қоғамдағы қарбаластан көз ашпаған жандардың театр босағасынан жадырап шығуында.
Міне, осындай астарында айтары мол, жеңіл әзілге құрылған қойылымның соңында, белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаев сөз алып, жүрекжарды лебізін білдірген еді.
– Бикен Римова атындағы облыстық драма театры менің осыдан 25 жыл бұрын жазған «Әйелдер әлемі» атты пьесамды сахналағалы жатыр дегенді естіп, арнайы келдім. Жазылғанына ширек ғасыр болса да, бұл қойылым өзінің құндылығын жоғалтпақ емес. Сонымен қатар, бірнеше театр сахналап та көрген. Алайда, бұл комедияны қоюы көңілімнен шықпай талай рет ренжісіп, іштей қынжылып қайтқан кездерім де болды. Көбі шығарманың түбіне бойлап, толыққанды аша алмап еді. Ал сіздер қойған қойылымның бағасын берудің өзі үлкен күш секілді, тіпті керемет. Көрермен қатарында отырып байқағаным, сіздердің еңбекқорлықтарыңыз мен жазған шығарманы үлкен өзгеріске ұшыратқан. Еңбегім он пайыз ғана десем де болады. Тіптен, еуропалық стандартқа сай қойғандарыңыздың өзі үлкен құрметке лайық, – дей келе өзінің ішкі таңданысы мен ризашылығын жеткізді.
Рас, драматургтың жазғаны жалынды болғанымен қоюшылар дарынды болмай жатса, пьеса ел жүрегіне жетуі мүмкін емес. Ал режиссер шығарманы құдды бір өзі жазғандай түсініп, қойылымға жан беретін дарынды актерлерді даралап, саңлақтарын саралап алып сахналаса, халық жылы қабылдайтыны ақиқат. Міне, осы жолда мүлт кетпеген Болат Ұзақов қорытынды сөз алып, театр ұжымына деген шексіз алғысын жаудырды.
Осы орайда айта кететін бір жайт, Халықаралық театр күні мерекесі қарсаңында Астанадан ат арылтып келіп, «Ең жақсы еркек» қойылымын әзірлеп жатқан Болат Ұзақовпен пікірлескен болатынбыз. Сонда ол: – Мен оқуды тамамдап келгенде алтын есігін айқара ашқан, ең алғашқы еңбек жолымды бастаған қара шаңырағым Б. Римова атындағы драма театр болатын. Режиссерлікке кетіп, Елордаға ауысқалы да талай уақыт өтті. Ақиық ақын Мұқағалидың «Өзіңнен алғанымды, өзіңе қайтарамын», – деген алтын ұя мектебіне арналған жыры есіме түсіп отыр. Сонда айтылғандай, қара шаңырақтан алғанымды өзіне қайтару үшін, аттай 20 жылдан соң оралып отырмын. Өйткені бұл театр менің алтын ұям, сахна әлеміне баулыған менің мектебім. Ал белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» атты пьесасын өнер ошағына келіп қоюға тырысқанымның басты себебі де қойылым болған күні ашылмақ, – деп ақтарылған еді.
Рас, өмірдегі ең шуақты күндеріміздің бірі – қойылым көрудегі сәт, біздің ғана емес, ел жүрегінде қалары анық. Негізінде, Болат Ұзақовтың, Сұлтанәлі Балғабаевтың, Б. Римова атындағы драма театр ұжымының да еңбегі ақталды деп айтуға болады. Жетісулықтардың шексіз ризашылығын арттырып, көрерменнің қатарын толықтыра түсті-ау десек, артық айтқандық болмас. Тек осы межеден түспей, өнер өлкесінде абыройлары асқақтай берсе екен. Біздің тілек осы!
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ