"ЖОСПАРДА БАР": АБАЙ ТУРАЛЫ ЕРЕКШЕ ҚОЙЫЛЫМ ҰСЫНЫЛАДЫ

Уақыты: 15.01.2020
Оқылды: 1237
Бөлім: ТҮПСАНА

Жетісу жерінде Абай Құнанбаевтың 175, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Шоқан Уәлихановтың 185, Алтын Орданың 750, Жеңістің 75 жылдықтарына орай ауқымды шаралар аталып өтпекші. Бұл туралы «Jetisu media» алаңына келген Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев айтып берді.

«Біз үшін 2019 жыл табысты аяқталды. Облыс жұртшылығын елең еткізер елеулі шаралар өте көп болды. Жыл бойында түрлі мәдени шаралар атқарылды», - дейді Мәрлен Қапашұлы.

Басқарма басшысының сөзінше, үстіміздегі жылы да облыс тұрғындары түрлі мәдени шаралардың куәсі болмақ. Солардың ішіндегі бірегейі – Мемлекет басшысы бекітіп берген Абайдың 175 жылдық мерейтойы.

Мәрлен Қапашұлы ақпан мен наурыз айларында ұлы ақынның мерейтойына орай «Абайға арнау» атты ақын-жазушылар арасында байқау жариялайтындықтарын айтты.

- Жеңімпаздарға жүлде қоры қарастырылған. Кейін барлық арнауларды жинастырып, кітап шығару жоспарымызда бар. Одан бөлек, қазір Абайға арнап ерекше қойылым дайындауды ойластырып отырмыз. Бүгінде ақынға арналған спектакльдердің көбісі портреттік нұсқада. Біз соған бірнеше өзгерістер қосып, ерекше етіп шығару жоспарда бар, - деді ол. Сондай-ақ, Талдықорғанға қойылғалы жатқан Абайдың ескерткішіне де тоқталып өтті. Айтуынша, қала әкімдігінде осыған орай арнайы байқау жарияланған. Бүгінде ескерткіштің нақты қашан және қай жерге орналасатыны қарастырылуда.

Бұдан бөлек, жиын барысында Екінші дүниежүзілік соғысқа арналып салынған өңірдегі ескерткіштердің барлығы жөндеуден өтетіндігі сөз болды. Барлық жұмыс Наурыз мерекесіне дейін аяқталуы керек. Оның тиісті қаражаты да бөлінген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қазір аудан әкімдері жұмыстарды жүргізу үстінде. Жеңістің 75 жылдығына байланысты соғыс ардагерлеріне арналып, кітап та дайындалмақшы. Ұлы тұлғалардың құрметіне орай танымдық кештер, халықтық театрлар фестивалі жыл бойы жалғасады. Бұл шаралардың бүгінде республикалық жұмыс жоспарлары бекітіліп, бағыттары айқындалған.

Баспасөз мәслихатының сұрақ-жауап кезеңінде басқарма басшысы Мәдениет үйлерін жөндеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бүгінде жөндеуден өтетін 6 Мәдениет үйінің құжаты дайын тұр. Жоспар бойынша, 2 Мәдениет үйіне күрделі, 10-нан астам Мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмекші.

- Біз алдымен мұның тиімділігіне баса мән береміз. Мәселен, кейбір Мәдениет үйлерін жөндеуден өткізу үшін 400 млн.теңге керек. Бұл – өте қымбат. Ал ол жерде тұратын халықтың саны 500-ден де аспайды. Яғни, алдымен қажеттілігі маңызды елді мекендерді анықтап, біз соған қарап сұраныстар енгізіп жатырмыз. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына байланысты кешендер салу жоспарымызда бар. Ол жерде Мәдениет үйінен бөлек, кітапхана, спорт залы, жастар және ардагерлер отыратын арнайы бөлме болады. Қазір осыған ұсыныстар енгізудеміз. Егер қолдау тапқан жағдайда, қосымша хабарланады, – деді брифинг қонағы.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Алматы облысы