ТӨҢКЕРІС ЖАСАҒАН ҚОСЫМША

Уақыты: 23.01.2024
Оқылды: 858
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өзін күнделікті дамытып, қызығушылығын арттырып отыратын жастың бірі – Адриано Мұрат Симончини. Тамос Едьюкейшн мектебін биыл бітірді. Жас Мұраттың жасаған басқару саласындағы қосымшасы үлкен төңкеріс жасап, қолданыушылар арасында кең қолдауға ие болды. Ол iFirm жобасының негізін қалаушы әрі директоры. 

iFirm – басқару саласында үлкен жаңалық жасаған қосымша. Бұл – бизнес пен жеке тұлғалар үшін қаржылық қызметті жүргізу тәсілін оңтайландыратын инновациялық онлайн-қосымша. Платформа клиенттер, жеткізушілер, компания қызметкерлері мен салық органы сияқты негізгі мүдделі топтардың жұмысын оңтайландыру мен автоматтандыруға бағытталған.

– Қосымша – пайдаланушыларымызға күту қажеттілігін, қағазбастылықты болдырмауға көмектеседі. Онлайн режимде негізгі қаржылық операцияларды жүргізуге таптырмас мүмкіндік. iFirm қосымшасы арқылы сіз клиенттермен оңай есеп айырыса аласыз. Қызметкерлердің жалақысы мен салықтарды да автоматты түрде төлеп отырасыз. Қосымшаның артықшылығы, біріншіден, қосымша күрделі бюрократиялық процедураларды күтпей-ақ операциялық қызметтерді жүзеге асырады. Бұл экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Екіншіден, iFirm компаниялар мен кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайтады. Қателіктер ықтималдылығын төмендетеді. Барлық деректер нақты уақыт режимінде қолжетімді. Бұл өзгерістерге дер кезінде жауап беруге, шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – дейді автор.

Мұрат ақпараттық технологиялар саласында дамумен қатар  өзін кәсіби дамытқан. Тәуелсіз есепшілердің ірі әлемдік желісі саналатын кәсіби қызмет көрсетумен айналысатын «Грант Торнтон» компаниясында тәжірибеден өткен.

Өзінен кейінгі балаларға ІТ мен технологияның жетістіктерін үйрету мақсатында мектепте программалаумен айналысатын ІТ клуб құрған. Мұнда балалар компьютермен танысып, программалаудың негізгі ережесі мен алгоритмін үйренеді.

"Жетісу-Ақпарат"