АМАНДЫҚПЕН ӘРҚАШАН ЖҮЗДЕСЕЙІК

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1811
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Иә, біздің мектеп бітіргенімізге биыл жарты ғасырдан асыпты. Өмір атты кеменің ақ желкені көтеріліп, шартарапқа аттанып, күміс қоңыраудың үнін естімегенімізге 51 жыл. Арада сынаптай сырғыған уақыт өткен сайын, мүмкін, біздер есейген сайын ба екен, өткен күндерге деген сағыныш жүректі сыздата түседі. Алтын ұя мектебімізді бітіре салысымен бір сыныптағы 30 бала отыз жаққа қарай қанат қақтық.
 
Бүгінде барлығымыздың балаларымыз өсіп, немере-шөбере сүйіп, зейнет жастағы өмірге ауыстық. Біздің кластың кешегі жігіттері ата, қыздары апа атанғанмен 8 жыл бойы бірге оқып, ортақ асханадан бір тәрелкеден тамақ ішіп, бір тілім нанды бөліп жеген бауырдай болып кеткен сыныптастарымызды көрсек, кездесіп балалықтың бал дәурен күндерін еске түсірсек деген құштарлық барлығымызды мазалағаны рас. Біз Кербұлақ ауданы Шанханай (қазіргі Майтөбе) ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-интернатта 1959–1967 жылдары 8 жылдық мектепті бітірдік. Ауылдың шетіне таман орналасқан осы бір қоңырқай болса да балалардың алтын ұясы болған мектептен қанаттанған қаншама ұрпақ қазір еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда. Біздің «тұлғасын арманымызға ұқсататын, үлгісін көңілімізге қыстататын» ең алғашқы ұстаздарымыз – Гүлзира Мұхаметжанова мен Күлғайша Сәбитова, Үшкен Бесбаев, Шахан Қайырбеков.  «Қалдырған ізі мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып» дегендей, ұстаздарымыздың бейнесі тек біздің сыныптың оқушыларының ғана емес, сол ауылда мектеп табалдырығын аттаған қаншама ұрпақтың көз алдында қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстаз ретінде қалды.
 
Сарыөзек ауылындағы «Матай»   мейрамханасында өткен кездесуге осыдан 51 жыл бұрын сегізжылдық мектебінен түлеп ұшқан қыз-жігіттер келді. Кластастар бір-бірімен құшақтасып, қауқылдасып, қалжыңдасып жатты. Амандық-саулық сұрасқан жетпісті алқымдап қалған ата-әжелердің дені балалары мен немерелерінің қамын ойлап, ауылдан қалаға қоныс аударып үлгеріпті. Кеш басында түлектер бір минут үнсіздікпен бақилық болған 18 кластасын еске алды. Оларға арнайы мал сойып, Құран бағыштады. Марқұмдардың артында қалған ұрпағына ізгі тілектер айтылды. Алтын ұядан жарты ғасыр бұрын түлеп ұшқан түлектердің әрқайсысы  әртүрлі мамандықты игеріп, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан, өз ортасында абыройға ие болған еңбек ардагерлері. Түлектердің басын қосып, кездесудің өтуіне бірден-бір себепші болып жүрген – Марат, Ғалымжан, Достай, Ерзақан. Осындай есте қаларлық сәттерге толы кездесу кеші алды жетпісті алқымдаған ата-әжелерді бір сәт жастық шаққа оралтты, кластастар өзара қалжыңдасып, мәре-сәре болды.
Күлипа НҰРАБАЕВА,
Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-интернаттың 1967 жылғы түлегі
Кербұлақ ауданы