Ақкенттегі қуаныш

Уақыты: 10.01.2024
Оқылды: 751
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жуырда  Панфилов ауданындағы Үлкеншыған ауылдық округіне қарасты Ақкент ауылында жаңадан салынған медициналық блокты-модульдік кешеннің ашылу салтанаты өтті.

Бұл шағын елді мекендегі ауылдық фелдшерлік-акушерлік пункт өткен ғасырдың 60 жылдарының басында тұрғын үйге арналған көне ғимаратқа орналасқан болатын. 2022 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа емдеу кешені салынып пайдалануға берілді. Сапалы, заман талабына сай сәулеткерлік әрлеу сәнімен атқарылған, айналасы абаттандырылған жұмысқа ауыл тұрғындары дән риза. Ауылының сәнін кіргізген құрылысты атқарған Әділет Шәкірұлы басқаратын «Ағаш-темір-бетон» ЖШС құрылысшыларына үлкен-кіші ауыл тұрғындары алғыстарын жаудыруда.

Жаңа ауылдық дәрігерлік блокты-модульдік кешен үйінің ашылуына арналған салтанатты жиынға аудан басшысы Марат Сағымбек келіп сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Өткен жылы өңірде жүзеге асқан бірқатар игілікті санамалап атап өткен әкім, Ақкент ауылының балалары бастауыш мектепті тамамдағанан кейін көрші Ават ауылына жаяу-жалпы барып келіп, оқитынын Жаркент ­­­­­­­­­­­– Қорғас жолының бойында тұрған екі ауылдың арасы қауіпті екенін атап өтіп, салтанатты жиын үстінде ауыл тұрғындарына балаларды көрші ауылдағы мектепке тасымалдайтын жаңа автобус кілтін Ақкент бастауыш мектебінің меңгерушісі Азамат Жүнісбековке тапсырды.

Салтанатты сәтте «Панфилов аудандық көпсалалы ауруханасы» КМК директорының ұйымдастыру және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Алтынай Күдерова, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Асыгүл Дауытова сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп отырған облыс, аудан басшыларына ризашылықтарын білдірді.

Ақкент ауылының құрметті қариясы Жаңабай Несіпбеков ауылдастарының атынан сөз сөйлеп, қарапайым халықтың денсаулығын сақтауға ерекше көңл бөліп, Үкіметке бағдарлы тапсырмалар беріп отырған еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа, аудан басшыларына алғыс сезімін арнады.

Салтанатты шарада аудан әкімі, ауылдың құрметті қариялары жаңа ғимараттың ашылу рәсімін жасаған соң, ақ самайлы әжелер жаңалықты жақсы ырымға жорып, шашу шашты. Қуанышқа жиналған ауыл тұрғындары жаңа салынған медицина мекемесін аралап, ғимараттағы жаңалықтарымен танысты.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы