КОРОНАВИРУС: ҚАПШАҒАЙ АУРУХАНАСЫНДА НАУҚАСТАРҒА 100 ОРЫН ӘЗІРЛЕНГЕН

Уақыты: 12.04.2020
Оқылды: 1938
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ел Президентінің Жарлығымен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Қапшағай қаласында да санитарлық тазалық пен қауіпсіздік шаралары жүріп жатыр. Қаланың коммуналдық қызметі эпидемияға қарсы қоғамдық көліктерге, адамдар көп жиналатын орындар мен аялдамаларға дезинфекция жұмыстарын жүргізуде.

Ал қалалық аурухана басшылығы барлық жағдайға дайынбыз деп отыр. Аурухана 100 орынды төсекпен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер медицина қызметкерлерінің арасында семинарлық кеңестер мен жаттығу тренингтері өтіп жатқанын айтады. Барлық медициналық құрылғылар мен бетперде, қолғап, антисептикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 400-дей медициналық костюм алынған.

Қала басшылығының бастамасымен қоғам белсенділері 14 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға азық-түлік, бетперделер мен дәрі-дәрмектер әперіп, көмек қолын созды. Қалада Халыққа қызмет көрсету орталығы жабылған. Әрбір тұрғын үйде отырып, онлаин жүйеде қажетті құжаттарын ала алады. Ал базар мен азық-түлік дүкендеріндегі тауар бағасын қадағалап отыратын комиссия мүшелері күнделікті тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп бұзып, жұмысын тоқтатпағандары бар. Оларға айыппұл салынуда. Көшеде, автобустар мен дүкендерде жүретін қала тұрғындары «Сақтансаң, сақтайды» деген сөзді түсінгендей, бетперде киіп, сақтық шараларын жасауда.

Мақпал МЫСА

Қапшағай қаласы