"АРАҚ КОРОНАВИРУСТАН ҚОРҒАМАЙДЫ": ДӘРІГЕРДІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

Уақыты: 11.04.2020
Оқылды: 1764
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Дүкенде нан мен арақ көп өтіп жатыр. Бұрындары 30-50 дана нан өтсе, қазір жүздің үстіне шықты. «Нан болса ән болады» дегендей тоқшылық заман болсын деп тілейік. Ал арақтың көп мөлшерде өтіп жатқанына не дейсіз? Тұтынушылар қол жуатын антисептик ретінде арақты пайдалана ма деп ойлағанмын. Байқасам ертеңіне қызара бөртіп қайта айналып келетіндер саны артты. Қазір дүкен жұмысын 20:00-де тоқтатамыз. Алушылар осы уақытқа дейін 1-3 шынысын алып: «Вирустан қорғанатын ең жақсы дәрі», - деп қалжыңдайды. Не десек те, тауардың өтіп жатқанына қуанамыз». Бұл аты-жөнін айтудан бас тартқан дүкен сатушысының сөзі. Біреуге жан ал біреуге мал қайғы деген осы болар бәлкім?!

ІНДЕТ елге енгелі көпшілік арақты негізгі қаруға айналдырған. Осыған орай, қаладағы бірнеше дүкенді аралап, ішімдік саудасы жайлы сұрап, сатушылармен сөйлестіп көрдік. Бәрінің пікірі бір жерде түйісті. Олардың айтуынша, араққа деген сұраныс шынымен де артқан. Демек, көпшілік АРАҚ ВИРУСТАН ҚҰТҚАРАДЫ деген «ертегіге» сеніп жүр. Көпшіліктің бұл әрекеті біріншіден езуге күлкі ұялатса, екіншіден сана-сезімнің тым төмендеп кеткені үшін көңілге көлеңке түсіреді. Осы тұста дәл осындай ертегіге сеніп жүріп, кеселді жұқтырғандар жайлы нақты ақпаратты тілге тиек етіп кеткеніміз жөн болар. Мәселен, Қарағандыда 5 наурыз күні Бірікен Араб Әмірлігінен елге келіп, карантинге жатқызылған 23 қазақстандық азамат коронавирустың алдын аламыз деп ішімдік ішкені анықталған. Бұл ақпарат тарағалы көпшілік оқып, құлағдар болса да теріс әрекеттерін қоюға асығар емес.

ІШІМДІК – адам иммунитетін төмендетеді. Ал иммунитеті төмендеген адамға індет тез жұғады. Мұны дәрігерлер күнде айтудай-ақ айтып жатыр емес пе? Бірақ олардың кеңесіне құлақ асып, нәтиже шығарып жатқандар шамалы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, ащы суды тұтынғанның кесірінен жыл сайын әлемде 3 миллионнан астам адам өмірден өтеді екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар. Текті қазақ «арақ – атаңнан қалған ас емес» деп бір-ақ ауыз сөзбен ішімдіктің еш пайдасы жоғын о баста айтып қойған. Осыдан соң ішімдік қай кезде де адамзат баласы үшін зиян болғанын аңғаруға болады. Ол үшін том-том кітап оқып, ерекше жаңалық ашудың қажеті жоқ. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренсеңіз болғаны.

ДӘРІГЕР Рүстем Қорғанбаев арақ – індетке қарсы дәрі емес екенін айтудан шаршаған емес. Бірақ пысықайлар: «Күніне 50-100 грамнан ішіп тұру керек. Қанайналым жүйесі жақсарады» деп өздеріне диагноз да қойып алады екен. Сөзіміз дәлелді болу үшін ақ халатты абзал жанның пікіріне құлақ түріңіз.

– Ішімдік адам ағзасынан бұрын санаға қатты әсер етеді. Қазақта «санасы уланған» деген өте жаман сөз бар. Міне, қазір көпшілік өз санасын арақпен улап жатыр. Ішімдік ішкендердің кесірінен қоғамда түрлі қылмыс пен түсініспеушілік орын алуда. Арақтың зияны жайлы үнемі айтып келсек те, тыйыла салатын адам аз. Соңғы уақытта ішімдіктен уланғандардың саны артты. Өкінішке қарай, бұл тізімді жастар да толықтырып тұр. Бір сөзбен айтқанда, короновирустың емі арақ емес. Арақ коронавирустан қорғамайды.

ҚАРАТАЛ ауданы, Үштөбе қалалық мешітінің бас имамы, Қаратал ауданының Құрметті азаматы Әбудардан қажы Таласбай дәл осы уақытта халық Жаратқаннан адамзаттың амандығын, әлемнің тыныштығын көп сұрауы керек екенін айтты. Расымен де, құлшылық жасап, дұға тілеудің пайдасы болмаса зияны жоқ.

– Арақ – барлық жамандықтың кілті. Харам нәрсенің ешқандай да шипасы жоқ. Шипасы бар болатын болса, Құран Кәрімде харам демес еді. Егер емдік үшін пайдасы болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Басты айналдыратын, мас қылатын нәрсенің азы да үмметім үшін харам», - деп айтпас еді. Таяуда "Фейсбук" парақшасында медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев індетпен күресте арақ-шараптың еш пайдасы жоғын айтып, көпшілікке насихат жұмысын жүргізді.

Сол үшін арзан қауесеттен аулақ болғанымыз жөн. Арақ Жаратқанның арам еткені болған соң оның берер пайдасы мен шипасы болмайтыны анық. Міне, байқағандарыңыздай арақтың індет үшін де, адамзат үшін де ешқандай да емі жоқ.

ЖОҒАРЫДА КЕЛТІРІЛГЕН МЫСАЛДАР МЕН МАМАНДАРДЫҢ ПІКІРІ САНАЛЫ АДАМҒА ТЕРЕҢ ОЙ САЛАР ДЕГЕН ОЙДАМЫЗ. БҰЛ МАҚАЛАДА АНЫҚ ӘРІ ҚАНЫҚ БІР ДҮНИЕ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ. ОЛ – АРАҚ ІНДЕТТІҢ ЕМІ ЕМЕС ЕКЕНДІГІ. ОЛАЙ БОЛСА, ҚИЯЛ-ҒАЖАЙЫП ЕРТЕГІГЕ СЕНІП, НӘПСІҢІЗГЕ ЕРІК БЕРІП, ІШІМДІКПЕН ЖОЛДАС БОЛМАҢЫЗ ДЕГІМІЗ КЕЛЕДІ.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды