ТАШКЕНТТЕ ӨТКЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНАН ҰЛ-ҚЫЗДАРЫМЫЗ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 02.06.2021
Оқылды: 1211

Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Жеті күнге созылған дүбірлі додаға 50 мемлекеттен 250 спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде бес салмақ дәрежесі бойынша жетісулық спортшылар бақтарын сынады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аталған жарыста Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Абылай Әуелханов салды. Ол екі бағдарлама қорытындысында 248 келіні бағындырып, чемпион атанды. Абылайдың жеңісі қалған спортшыларға дем берді, жол ашты. Әлем чемпионатында Алексей Дроздов пен Сайрамкез Ақмолда да топ жарып, күміске қол жеткізді. Қыздарымыз да аянып қалмады. Бар өнерін көрсетті. Нәтижесінде Гүлнұр Ыбырай қола медальді иеленді. Сөйтіп төккен тер босқа кетпеді. Жеңіс болып қайта оралды.

Жарыс аяқталған соң толағайлар мінген ұшақ Алматы әуежайына келіп қонды. Ел мерейін өсірген жетісулық жеңімпаздарды жерлестері салтанатпен қарсы алды. Зілтеміршілердің алдынан шыққан қауым оларға қазақы ырым бойынша шашу шашты, гүл шоқтарын ұсынды. Әуежайға ағайын-туыс, жора-жолдас, спортшылардың әріптестері келді. Туған жердің ыстық ықыласы спортшыларды одан сайын қанаттандырды.

– Ең алдымен, әлем чемпионатында топ жарған жастарға облыс әкімі Амандық Баталовтың және барша ел-жұрттың сәлемін жеткізіп, зор алғысымызды айтамыз. Мұндай табыстардың негізі облыстағы спорт жұмыстарының ойдағыдай дамуында жатыр. Бұқаралық шаралардың өріс алғаны, міне,  көптеген мүмкіндіктерге жол ашты. Талдықорғанда, қалалар мен аудан орталықтарында жыл сайын спорт кешендері бірінен соң бірі бой көтеріп жатыр. Спорттың жандануы өңір мәдениетінің артуына да өз ықпалын тигізуде. Ал спортшыларымыздың жеңіспен оралуы  кейінгі жас толқын үшін үлкен өнеге, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.

Жеңімпаз жерлестеріміздің есімдері елге бұрыннан белгілі. Олар халықаралық жарыста аянып қалған жоқ. Күш-қуаттарын еселеп көрсетті. Барлық салмақтағы зілтемірлерді қабырғалары қайыспай көтерді. Бойдағы табиғи таланттың ерен еңбекпен ұштасқанын риясыз дәлелдеді. Осы сәттерді пайдаланып алтын медальды иеленген Абылай Әуелхановты сөзге тартқан едік.

– Бұл менің әлемдік жарыстардағы екінші алтыным. Осы спорт түрімен айналысып жүргеніме алты жылдың жүзі болды. Аталған чемпионат бәріміз үшін үлкен сабақ. Намысымызды қайрады. Елің есіңе түскенде арқаң қозады. Талант пен талап қатар қамшыласа, бәйге алмасқа хақың жоқ. Соны біз бұрынғыдан да жете сезіндік, – дейді алтыннан алқа таққан Абылай Әуелханов.

Қазақстанның ауыр атлетика спортының аға жаттықтырушысы Сергей Седовтың да еңбегін баса айтқымыз келеді. Енді олар сәл тынығып алып, алдағы жарыстарға дайындықты қайта бастайды. Олардың алдында бұдан да үлкен міндеттер тұр.

Қуанышқа бөленген жанкүйерлер легі жеңімпаздарды орталарына алып  әуежайдан алыстады. Осындай жайдарман сәттердің куәсі болу да бір ғанибет.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы