ВЕЛОШЕРУ: ЕЛОРДАҒА БЕТ АЛДЫ

Уақыты: 04.07.2022
Оқылды: 1234

Осы жылдың 13 шілдесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 30 жыл толады. Айтулы мерекеге орай, ауқымды шаралар қолға алынды. Солардың бірі, ҰҚК Авиациялық қызмет басқармасының әскери қызметшілері өз бастамаларымен Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша велошеру ұйымдастырды.

Аталған мерекелік марафонға подполковник Талғат Халитов бастаған бірнеше әскери қызметші қатысуда. Олардың қатарында шекарашы офицер де бар. Велошабандоздар елордаға дейінгі 1200-ден астам шақырымды басып өтуге тиіс. Бұл үшін марафоншылар Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Ақмола облыстарының елдімекенінен өтеді.

– Он бір күнге созылатын сапарымызды жеңіл деп айта алмаймын, – дейді топ басшысы подполковник Т. Халитов. – Дегенмен, біз алдан кездескен кез келген қиындықты еңсереміз деп ойлаймыз. Өйткені, ең алдымен біз еліміздің тыныштығына жауап беретін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдық төл мерекесін ұлықтауды мақсат тұттық. Сондай-ақ, еліміздің ертеңі саналатын өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеу басты міндетіміз.

1-11 шілде аралығында өтетін веломарафонға Талғат Болатұлымен бірге қатысуға тілек бірдірген подполковник Дәурен Бұхаров, капитандар Дәулет Мәмбеталиев, Қанат Қайрат және ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің бөлімше бастығы майор Абай Сапаровтар бүгінгі маңызды сапарға мұқият дайындалыпты.

Маңызды жолға шыққан велошабандоздарды алыс жолға аталған басқарма басшысы полковник А. Кузнецов бастаған жеке құрам ақ жол тілеп, шығарып салды. Бұдан әрі марафоншылар Боралдай-Комсомол елдімекенінің арасындағы 15 шақырымдық жерді ҰҚК Әскери полициясы қызметкерлерімен бірге басып өтті.

Алда спортшыларды Жамбыл ауданының Қаншеңгел ауылына дейінгі 160 шақырым күтіп тұр. Мұнан кейін Ақсүйек, Үлкен, Сарышаған, Гүлшат, Балқаш, Ақшатау, Ақсу-Аюлы секілді елдімекеннен өткен марафоншыларымыз 9 шілде күні кешкі сағат 19.00-де Қарағанды қаласына жетіп тоқтайды. Әрі қарай Қарағанды мен Ақмола облысының шекарасында тұрған Вишневканы кесіп өткен соң, ҰҚК Туын желбіретіп, Нұр-Сұлтан қаласына жетеді. Арасында ҰҚК Шекара қызметінің офицері бар әскери қызметшілерді Елорданың төрінде өтетін мерекелік рәсім күтіп тұр.   

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА, 
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.