ӘУЕСҚОЙЛАР ЖҮЗІП ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 925

Талдықорғандағы орталық бассейннің ашылғанына 1 жыл толуына және елорда күніне орай ерлер мен әйелдер арасында жүзуден қалалық ашық біріншілік өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған додаға 100 спортшы қатысты.

Сайыстың ашылу салтанатында Жетісу облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Осыдан кейін спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай 50 және 100 метрге еркін стильде жүзіп жарысып, өзара мықтыны анықтады. Алдымен ерлер мен әйелдер арасында 50 метрге жүзу сайысы өтті. 18-24 жас тобында Бекдос Мұратов үздік нәтиже көрсетсе, 30 жасқа дейінгі спортшылар арасында Айдос Кертаев мәре сызығын бірінші болып кесті. 35 жасқа дейінгі ерлер арасында Есжан Есімов, 35-40 жас аралығында Д.Адаев жеңімпаз атанды. 45 жастан жоғары санатта Саят Есбатыров алтыннан алқа тақты. 34 жасқа дейінгі қыздар арасында 50 метрге жүзуден Елена Ванюкова, 35-44 жас санатында Меруерт Бекмұхамбетова үздік нәтиже көрсетті.
Жастар арасында 100 метрге еркін жүзуден Д. Ахметбаев    жеңімпаз атанса, 35 жасқа дейінгі ерлер арасында Бахтияр Байғожаев үздік шықты. 45 жасқа дейінгі санатта Б. Баламбаев чемпион атанды.  
 Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алғыс хатпен және медальдармен марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ