"Біздің экономикамыз әлсіз": Америкала жүрген жерлесіміз кәсібі жайлы айтты

Уақыты: 28.05.2023
Оқылды: 827

Қиырда жүріп кәсіп ашып, іс бастап, нәтижесін көріп отырған жандар аз емес. Жат жерде бизнеспен айналысудың өзіндік ерекшелігі бар. Ақсудың бойында, Қайрақтының етегінде өскен Нұрболсын Сыбанбаев бүгінде АҚШ-тың Флоридо штатына қарасты Орландо қаласында жүк тасымалдау жұмысын қолға алып, «Нұрсервис» мекемесіне қожалық жасап отыр. Құрылғанына 3 жыл болатын мекеменің табысы таудай. Кәсіпкер алдағы уақытта бизнесінің ауқымын кеңейтіп, дамыту мақсатында қарекет қылып жатыр.

Кейіпкерге қойылған бірінші сұрақ. Неге АҚШ? Алпауыт елдің мүмкіндігі көп, кез келген істің бабын табуға қолайлы болғандығын алға тартты. Басты айта кететіні, елдегі табыспен АҚШ-тағы ақшаның айырмашылығы жер мен көктей. Мәселен, елімізде жақсы ақша табуға болады, алайда жыл соңында теңгемен тапқаныңды долларға алмастырсаң, азырқанасың. Ал кәсіпкер үшін тікелей доллармен жұмыс істеу ­– үлкен олжа. Бір шыңға шығып тұрып, екінші шыңның басын меже тұтып тұратындай кәсіпкер де бір жетісікке жетсе, үстемелей түскісі келеді. Елде үй салып, құрылыс саласында кәсіп жасап жүрген Нұрболсын осының бәрін електен өткізіп, зерттейді. Жары екеуінің ашқан дәмханасы, жер учаскесі бәрі болды. Таңдау Флоридоға түсіп, 2019 жылы көшуді ұйғарады.

Кез келген жерде кәсіп бастап, ақшаны айналымға салу жолын Нұрболсын өте жақсы біледі. Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылында дүниеге келген азаматтың әкесі ауылшаруашылығымен айналысқан кәсіпкер еді. Бала кезден көріп өскен іс болғаннан «неден, қалай бастау керегін» жақсы түсінді. Анасы медбике болып жұмыс істеді. Сондықтан да кәсіп бастау, оны жүргізу, әр істі тәжірибеден өткізу Нұрболсын үшін «үйреншікті» жағдайға айналған. Бір іс алға баспаса, бел буып келесісіне кірісіп кетеді. Табандылығының арқасында әр істің жемісін көруде. Ел ішінде абыройлы азамат болуының да басты сыры ­– еңбек. Өзі де адал еңбек, таза жұмыс, алдап-арбаумен емес, шынайы ниетпен кәсіп жүргізгенін түсіндіріп, ешкімнің ала жібін аттап кетпегенін айтты. Бұрыс пиғыл, өтірік істі құптамайды.

АҚШ-қа қоныс аударғалы елге аңсары ауғанмен, кәсіп бастаған адам соңына дейін күресуі керек. Сол себепті де туған топыраққа әлі келе алмай жүр. Есесіне туысқандары мұхит асып, Нұрболсынды жиі іздеп барады. Оның үстіне күнделікті ғаламтор арқылы сөйлесіп, жағдай сұрасып отырады. 4 баланың әкесі. Тұңғышы 20-да, биыл колледж бітіреді. Туған жер дегенде жүректің соғысы да ерекшеленіп, өне бойына айрықша сезім сыйлайды. Америкаға келгелі таппай жүрген бір зат болса, ол ­– қымыз. Қымыз тауып, шөл қандырып, аңсарын басқысы келеді. 

Кәсіп бастаймын деп жүрген жандарға Нұрболсынның қояр басты талабы ­– табандылық, еңбексүйгіштік және тәртіп. Бірінші кезекте тәртіп! Тәртіп бар жерде бәрі де ретімен, өз кезеңімен болады. Таң атып, кеш батқанша қимылдау. Демалыстың өзі артық. Кәсіпкер үшін күнделікті 7 сағат ұйқының өзі демалыс. Өйткені бүгінгі бизнестің жылдамдығы жоғары. Сәт сайын түрленіп отырған салаға ілесе білуің қажет. Елімізде кәсіппен айналысуға болады. Мемлекеттен қолдау бар. Бірақ біздің экономикамыз әлсіз. Табыс жақсы болғанымен инфляцияның үлес салмағы басым. Оны да естен шығармау керек. Кей кәсіпке елдегі саяси көзқарас та кедергі. Еркіндікті аңсап, өз кәсібін тыныш жүргізу үшін де АҚШ-ты таңдаған. Бизнес бастау ­– кез келгеннің қолынан келмейді, тәуекелі жетпейді. Ал нағыз ерлік осы іске керек. Не бар боласың, не жұтылып кетесің. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз бизнестің сан саласын меңгерген, өз ісін жетік білетін жан. Табысы тасқындап, туған елін түлету үшін  Отанына олжалы оралуына тілектеспіз!              

Серік ҚАНТАЙ