Амандасу әдебін ауыл адамдарының қарекетінен білдік

Уақыты: 16.07.2023
Оқылды: 870

Бізге үлкен-кішімен амандасып жүруді ешкім үйреткен жоқ. Амандасу әдебін ауыл адамдарының қарекетінен танып, білдік. Біз үшін қала көру арман еді. Ол көз алдымызға бұлдыраған сағымдай елестейтін. Не керек, 9-сыныпты бітіре салысымен Алматы шаһарындағы колледждің біріне емтихан тапсырып, оқуға түстім. Мұндай құжынаған адам мен иін тірескен үйлерге көз жүгірткен сайын таңданысымды тасырқатып ала жаздайтынмын. Саған бетпе-бет келген әр адамға ауылдағыдай қол ұсынғың келеді. Алайда, олардың өзгешелеу томаға тұйық бет-әлпеттері сыр бермейді ғой. Ежірейе қарап міскін көргендей місе тұтпай жан-жағымнан өтіп жатады.

Мәселе онда емес. Қызығы енді басталады. Оқу ордасындағы алғашқы апталарым өтіп жатты. Біраз өзім қатарлы әр өңірден келген бозбала, бойжеткендермен таныстым. Аман-сәлемі оңдарды жаныма жақын тартып, арқа-жарқа араласып дос бола бастадық. Бір күні қасымызда жүрген студенттің бірі жоғары курстың балалары «балмұздақтарды» шақырып жатыр» деп жетіп келді. Үрке қарап, үрпиісіп қалдық. «Не үшін шақырып жатыр екен? Не демекші? Балмұздағы несі?» деп сана саңылауынан осындай сауал суырылып сала берді. Қош! Оларға да жеттік әйтеуір. Қаз-қатар тұрған үлкен курстың балаларына біріміз қалмай жапатармағай амандасып жатырмыз. «Ассалаумағалейкумымызға» біреуі «Уағаликумассалам» деп жауап қайтармайды. Бет-әлпетімізге бақшия қарап, мысқыл күлкілерін мұрындарының астарына жасырып-ақ тұр. Жауабы жоқ амандықтан кейін жіңішке, ұзынсары жаңағылардың қатарынан алға озып, ыңырана сөйледі. «Бұл жердің өз (системасы) тәртібі бар. Қанша күн болды, көріп жүрміз, біреуің амандасайық демейсіңдер. Әлде ешкім сендерге амандасып тұруды үйретпеді ме?» Тосын сауалға бәріміз аңтарылып қалдық. Ұзынсары жігіт сөзін жалғап: «Бұдан былай осы колледжде оқитын 2-ші, 3-ші, 4-ші курс жігіттерін көргенде қолдарын алып жүріңдер», – деп төтесінен сөйледі. «Қайсың болсаң да көрмей қалып, танымай кетіп саулық сұрасуды ұмытсаңдар бізге ренжімеңдер», – деді. Бірің бәрің үшін, бәрің бірің үшін жауап беруге тура келетінін айтты.

Саулық сұрасып тұрғанның несі әбестік деген ой келді. Қиын ештеңесі де жоқ. Керсінше, жақсы амал ғой бұл. Бірақ мыналардың қоқан-лоққылыққа ұқсас сәлем сұраулары миыма сияр емес. Сен сұраған саулыққа олардан жауап жоқ. Бұл не болғаны өзі?

Осы сұрақтарға жауапты кейін білдік. Елірмей сыйлап жүрсін дегендері екен. Өздерін үстем көрсеткілері келіпті. Кейбір кездері сол жоғары курс студенттерінің жанынан байқамай өтіп кетіп, көрмей қалып, оқу ордасында бала көп болғандықтан не амандасқанымызды, не амандаспағанымызды білмей таяқ та жедік. Бірақ келе-келе саулық сұрасу арқасында сол азаматтармен етене жақын досқа айналдық. Ешкім тонымызды шешіп алып қалған жоқ.

Колледжді аяқтаған соң оқуымды еліміздегі жоғары оқу орындарының бірінде жалғастырдым. Көз көріп, құлақ естімегендіктен бе, қала балаларының амандасу салтына үйрене алмай-ақ қойдым. Қол алысар-алыспастан бір-бірінің бетінен сүйеді. Бұл саулық сұрасудың қандай түрі? Қыз балалар болса жөн десетін едік. Ер жігіттің ерін шошайтып бет сүйіскені қандай ерсі көрінеді. Біртүрлі жиіркеніш сезімін тудырады. Ар жағымда «көгілдірліктен» аулақ болса екен деген тілегім тұрады. Қай ата-бабамызда еркектер сүйісіп саулық сұрасып еді? Қазақ өз кіндігінен тараған ұлын сүймеген. Немересін емірене иіскеген. Мұның өзі әдеп. Осы құндылығыңа құрық ілдірмесең қуанатын едім. Амандасудың қазаққа жақын екі тәсілі бар: оның бірі ауызша амандық сұрасу, екіншісі қол алысып, төс қағыстыру. Ол да шынайы ықылас пен  жылышырай білдіру арқылы жүзеге асырылады. 

Жоғары оқу орнын жатақханада тұрып оқыдым. Ондағы ұл-қыздармен аман-сәлеміміз оң болды. Бір отбасының балаларындай күн кештік. Ортамызда Рома есімді айбоз азамат бар болатын. Ақкөңіл, жақсы жігіт. Кезінде мал бағып жүргенде аттан құлап қолын сындырып алса керек, гипстен шешкен соң қолы қисық бітіпті. Ауыл аудан орталығынан шалғай жатқандықтан мұны түзетуге қайта ауруханаға апара алмадық дейді. Қалжың-шыны аралас бір асыл сөз айтатын. «Жігіттер, қолымыз қисық болса да аманымыз түзу болсын» дейтін еді. Сол ақиқатты ұмытпайықшы.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: интернеттен алынды