Жетісу облысындағы экологиялық жағдай қалай?

Уақыты: 23.07.2023
Оқылды: 1212

Облыстық экология департаментінің ақпаратына сүйенсек,  басқа өңірлермен салыстырғанда Жетісу облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы. Экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша Талдықорған және Текелі қалаларының атмосфералық ауасының ластану деңгейі бұрынғы жылдарға қарағанда  төмендегені байқалады.


Айталық, биылғы жартыжылдықта атмосфералық ауаға жол берілетін шығарындылар лимиті 25,1 мың тонна көлемінде болса, ал нақты шығарындылар 9,8 мың тоннаны құраған. Ал ластаушы заттар төгінділерінің нақты көлемі 4,1 мың тоннаны құраса, жыл бойына белгіленген лимит 13,0 мың тонна. Қалдықтарды көмудің рұқсат етілген көлемі жыл бойына 93,4 мың тонна болса, бірінші жартыжылдықта 1160,2 мың тонна қалдық көмілген. Осы көрсеткіштерден-ақ экологиялық жағдайдың қаншалықты деңгейде жақсарғанын байқауға болады. 

Есесіне, қоршаған ортаны қорғауға қатысты жұмыстар қарқын алған. Ағымдағы жылы табиғатты қорғау іс-шараларына жергілікті бюджеттен 327 800 мың теңге бөлінсе, 1 шілдеге дейін 1 878,8 мың теңге игерілген. Ал өз қаражаты есебінен облыстың І санатты объектілерінің операторлары табиғат қорғау іс-шараларына бөлген 46 689,2 мың теңге қаржының қазір 43 482,7 мың теңгесі игеріліпті. 

Мұнымен экологияны ластап, қоршаған ортаны бүлдіретін әрекеттер толығымен жойылып кетті деуден аулақпыз. Департамент алдыңғы жартыжылдықта жалпы сомасы 4 803 951 теңгені құрайтын 44 әкімшілік айыппұл салған. Айыппұлдың басым бөлігі қала және аудандағы лауазымды тұлғалардың қалдықтарды рұқсатсыз орналастыруы бойынша салынған. Сондай-ақ, экологиялық реттеу бойынша 58 мем­лекеттік қызмет көрсетілген.

Бұл жұмыс алдағы уақытта да назардан тыс қалмайды. Сол үшін облыстық экология департаменті аймақтағы экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша жол картасын әзірлеп, ол Жетісу облысы әкімдігі және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан бекітілді. Келесі жұмыс осы жол картасы бойынша жүргізілетін болады. 

Қ. ОМАРАҚЫН

Сурет: ғаламтордан алынды