Жігітте де жігіт, қыздарда да қыздар бар...

Уақыты: 29.12.2016
Оқылды: 1934

Сырты сұлу не керек көңіл ғажап болмаса. Әдемілік тек келбетте емес, ол жүректе де. Нағыз сұлулық ары таза, жаны таза қазақ қызарына тән. Олардың ажары гүлдей көрікті, күндей нұрлы, ал сезімі ерек сырлы.  Қарағайға қарсы біткен, еменге иір біткен бұтадай нағыз нарқасқа жігіттер де қазақта. Олар елін ойлап етігімен су кешіп, ат құшағында ойнады. Алаш баласы  ат жалын тартып мініп, асау үйретті. Біздің бұл сөзімізге «Ханшайым – 2016» және «Жігіт сұлтаны – 2016» байқаулары дәлел.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жетісу жастар ұйымының конгресі» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған байқаулар арнайы семинар тренингтер мен кездесулерден басталды. Үміткерлерге қала ішінде экскурсия жүргізіліп, хореография, музыка сабақтарынан дәріс оқылды. Аруларға түрлі тағам түрін дайындауды үйретіп, спорттық фитнес залдарында жаттығу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар қатысушылар пейнтбол, дөңгелек жөндеу жарыстарын өткізіп, өңіріміздегі спорт жұлдыздарымен кездесті. 
Алғашқы күні облысымыздың бас шаһарындағы Оқушылар сарайында өңіріміздің әр түкпірінен келген арулар сайысқа түсіп, өнерлерін ортаға салды. Инабаттылық пен ибалықты бойына жиып, ақылдылық пен әдемілікті қатар алып келе жатқан ардақтылар сайысы тағылымды болды. Облыс көлеміндегі талантты бойжеткендеріміздің мүмкіндіктерін барша көрерменге танытуды мақсат етіп, нағыз қазақ қызына сай ізеттілік пен ізгілікті арттырмақ сайыста 16 мен 25 жас аралығындағы көзі күн, жүзі нұр арулар бақ сынады. Байқау шарты бойынша қатысушының ақылы мен дарынына сымбаты мен көркі сай, өнерге бейім, өз ойын еркін жеткізе білетін, бойы 165 см. жоғары болуы керек. Сондай-ақ, өңіріміздің әр аудан, қаласынан тек бір ғана үміткер қатысуы керек. Нәзік жандылар сайысы нағыз дарындылықты танытып, сұлулықты көрсететін кезеңдерден тұрды. Таныстыру кезеңінде кішілік пен кісілікті жанының бөлшегі еткен арулар сәлем беріп, ұлттық дәстүрмен, жылышыраймен амандасты. Бірі әнмен әрлесе, екіншісі, өлең жолдарымен сәндеп отырды. Кешкі көйлек түрлері де талайды таңдандырды. Көйлектің кереметтілігін көрсете білген көрікті аруларға қошемет те көп болды. Ал нағыз ақылдыны анықтар сұрақ – жауап кезеңі расымен де жауапты болды. Салт-дәстүрден сауалдар дайындалып, сұлулардың тапқырлығы анықталды. Көрерменнің көңілін көкке көтеріп, керемет көңіл сыйлаған өз өнерлерін көрсету кезеңі болды. Иә, нағыз қазақ қызына тән қылықты көрдік, қуандық. Театрландырылған қойылымдар әртістік шеберліктерін танытып, жүрекке жетіп, жанарға жас үйірді. Міне, осылайша жүрегіне мейірім мен ақыл ұялаған арулар бірінен-бірі өткен өнерпаздығын көрсетіп, мәре сызығына да сүрінбей жетті. Қазылар алқасының ұйғаруымен Қарасай ауданынан келген Гүлнұр Темірғали ең үздік деп танылып, «Ханшайым – 2016» жеңімпазының тәжін киді. 
Байқаудың екінші күні өңіріміздегі дарынды жігіттер анықталды. Жастар саясатын дамытуда үлес қосып, олардың білімін, көзқарасын анықтауға және сахнада дұрыс тұру қабілетіне мән беріп, қатысушылар арасында салт-дәстүр мен рәсімдерді насихаттауды мақсат еткен шара ұлттық рухты көтерді. Айнымас алмас қылыш атанып, дария ой, даналардан бата алған көп жігіттің ішінен іріктеліп, ақтық сынға бес жігіт жолдама алды. «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» демекші, ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап та жоғары. Сайыс батылдыққа баулып, ептілікке үйретіп, имандылыққа, адамгершілікке үндеді. «Таныстыру», «Бейнетаныстыру», «Сұрақтар», «Өз өнерім»  кезеңдері «алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар» демекші, қатысушылардың білім деңгейін сынап, дарындылығын таразылады. Сайыс қорытындысы бойынша талдықорғандық Рахат Рахымжанов бас жүлде иеленіп, жігіт сұлтаны атанды. Дегенмен, әділқазылардың сөзіне сүйенсек, сайыс барысында орын алған олқылықтар да баршылық. Салт-дәстүр бойынша сауалдар қойылғанда кібіртіктеп қалған жігіттер халқына қалқан болар қабілет көрсетпеді. Жанына нұр мен жыр дарып, туған елдің бағына туар батырлар тәрбиелейік. Әйтпесе сөзі сұйық, мінезі тұйық жігіт елі үшін жанын қиып кетуі екіталай. 

Құралбек СӘБИТОВ