СЫНАҚҚА СЫНБАҒАН ШЫҢҒА ШЫҒАДЫ

Уақыты: 05.01.2017
Оқылды: 2166

Жаңа айдар: ҚАРҒАЛДАҚ ҒҰМЫР

Қарғалдақ – қақаған аязға қарсы тұрып, мұз бен қарды жарып, таудың ең биік шыңында өсетін гүл. Қарғалдақ гүлінің өміршеңдігі күшті болғанымен өсу қарқыны баяу. Тұқымының бүршік жарғанынан гүл ашып, дән алғанына дейін 3-5 жыл уақыт кетеді. Қарғалдақ қарлы белдеуден төмен, теңіз деңгейінен 2800-4000 метр биіктіктегі тау шоқыларында, жанама жартастарда, тасты жоталарда және дымқыл, құмайт жерлерде өседі. Қарғалдақ қақаған аязда және оттегі аз ортада қарлы үскірікті елең құрлы көрмей, қасқайып тұра береді. Халық қарғалдақты «шөптердің патшасы», «дәрінің бірегейі» деседі. 

СЫНАҚҚА СЫНБАҒАН ШЫҢҒА ШЫҒАДЫ

Тағдыры қар мен мұзды жарып шыққан дәл осы қарғалдақ гүліне ұқсас жандар аз ба?! Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл айдарда өз төзімділігімен тағдыр тоңын жібітіп, қиындықты еңсерген жандар турасында сыр шертілмек. «Қарғалдақ-ғұмыр» кейіпкерлері тек қарлы таудың биік шыңынан кезіктіруге болатын аталмыш гүлге теңестіріліп, тағдырлас бауыр, қарындастарына алдағы күнге сеніммен қарауға зор үміт сыйламақ.

Балалық шағы
болған жоқ  
Қарғалдақ гүлін бірден таныған кейіпкеріміз, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің жеке дауыстағы әншісі Жандос Смағұлов: «Осыдан біраз уақыт бұрын сирек кездесетін бұл гүлді Алакөл ауданындағы Үйгентас жайлауына ақын Жангелді Немеребаевпен еріп барғанымда, жазда да қар жататын Жамантас тауының шыңынан өз көзіммен көрдім. Қарды жарып, жайқалып тұрды. Қарғалдақпен алғаш сол кезде таныстым. Оның тамыры қара, жапырағы жасыл,  қауашағы ақ, гүлі қызыл түсті келеді. Ол мұзды шыңдарда, дүлей қарлы боранның өтінде өсе береді екен. Таңғалдым. Биік тауларда мал бағып жүрген  қазақтар қарғалдақтан бір талын үзіп алып, оны тұрмыс-тіршілігімізге құт-береке, басымызға баянды бақ берсін деп ырымдап, киіз үйлерінің керегесіне қыстырып қоятын болған», – деген ол жаңа айдардың мақсатын бірден түсінгендігін аңғартып, терең ойға берілген жүзбен әңгімесін жалғады.
– Үлкен ағам мен інімді, екі қарындасым – бесеумізді «Айналайын» балалар үйіне өткізгенде мен небәрі алтыншы сыныпта оқыдым. Бұл 2001 жыл болатын. Қарындастарым тіптен кішкентай, бірі бес, енді бірі үш жаста еді. Олар «Бөбек» тобында болды. Қайда келгендерін де түсінбеді. Өзім барып қарайлап, ағалық қамқорлығымды танытып, бас-көз болып жүрдім.  Ал үйдің үлкені Асқарбек ағам 9, бауырым Айдос 4-сынып оқитын. Ата-анамыздың айырылысып кетуіне не себеп болғандығы бізге әлі күнге дейін беймәлім. Өзара жараса алмаған болар, – дейді «Айналайын» балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі.
Сол уақытта оны: «Бізді неге мұнда әкеп тастады, біз не істеп қойдық?» – сынды сан сауал мазалап, өзіне таныс емес адамдарға үйрену қиынға соғады. Үнемі балалар үйінің терезесінің алдында отырып, айналаға көз жүгірте, түрлі ойға шомылатын бала Жандос енді алдына зор мақсат қояды. «Қайтсем де келешекте елімнің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қоса алатындай үлгілі азамат боламын. Менен адам шықпайды дегендерге қателескендерін дәлелдеймін!» – деп шешкен ол мұнда 11-сынып бітіргенше ата-анам уақытынан бұрын алып кетсе екен деген ойдың жетегінде жүреді. Алайда бұл ойы тек арман күйінде ғана қала береді. 
Мектеп бітіріп, балалар үйінің дарбазасынан сыртқа беттегенде ойындағы мақсатын орындау керектігін түсінеді. Алдына тағы басқа меже де қоя білді.  Әңгіме барысында Жандос бұған дейін берген бір сұхбатында «әкеме үй алып берсем» деген тілеуіне де бүгінде қол жеткізіп отырғандығын тілге тиек етті.   
– Ол пәтерді ақша жинап, қиындықпен өз қаражатыма алдым демеймін. Бірақ сөзімде тұрып, үйсіз жүрген әкемді үйлі қылдым. Оған себепші 2009 жылы облыс әкімі болып отырған Серік Үмбетов ағамыз болды. Ел ағасы «Қаратал» ықшам ауданынан бір бөлмелі пәтер берді. Арманымды орындайын деп оны әкеме сыйладым да, өзіміз осыдан екі жыл бұрын «Жас отбасы» бағдарламасымен 6-шы ықшам ауданнан осы үйді алдық, – дейді кейіпкер. 


АНАСЫН ІЗДЕП
БАРҒАНДА...
2000 жылы Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылында тұрған Жандостың ата-анасы ажырасады. Тағдырдың ауыр сынағы балаларға түседі. Анасы бес баланың әкесіне тастап, төркініне кеткен. Көп баламен жалғыз қалған азамат балаларды бір жылға жуық бағып, асырау қиынға соққан соң кенже бауыры Анарбекпен ақылдаса келе: «Менен гөрі ұрпағымның сұранысын қанағаттандырып, қатарға қоса алады ғой», – деген оймен бес баланы жетімдер үйіне өткізуге бел буған. 
– Ес білетін кез. Ренжімеңдер деп әкем бізге мән-жайды түсіндірді. Сол кездегі «Айналайынның» директоры Жамал Баймадиеваға бесеумізді бір-бірімізден ажыратпай, көрсеткен қамқорлығы үшін алғысым шексіз. Туған анамыз қатыгездік танытып тастап кеткенде, ол бізге екінші ана бола білді, – дейді  әңгіменің ашығын айтқан жас әнші.    
   Түсіне жиі кірген соң Жандос былтыр жиен бауырын ертіп туған анасын іздеп қайтқан. Шығыс Қазақстанның бір ауылынан (атын есіне түсіре алмады) анасы тұрады деген үйді тауып, есіктегі үлкен құлыпты көргенде үміті үзілгендей болады. Көшіп кеткен деп топшылады. Алайда сонау жерге іздеп барған еңбек еш кеткен жоқ. 
– Көршілеріне кіріп сұрастырып едім, ол кісі сол үйде шай ішіп отыр екен. Менің сондағы жүрегімді езген жайт, шешемнің алдымнан шығып: «Сендер кімсіңдер?» – деген сауалы болды. Мұны естіген мен көзіме жас ала, ашуланып тұрып: «Мен сізді осыншалық қатыгез деп ойлаған жоқ едім. Қазір оған көзім толық жетіп тұр. «Сендер кімсіңдер?» деген не сауал?! Шеше деген баласын 40-50 жыл өтсе де бір көргеннен-ақ тануы керек қой. Мен сіздің екінші ұлыңызбын, есімім – Жандос», – дегенде барып, өлердей жылап кешірім сұрады. Бұл оқиғаны көп айта бермеймін, айтқым да келмейді. Ол кісі бүгінде отбасын құрған. Бірақ қайта бала сүймеген, – деген ол анасының телефон шалып, қал-жағдай сұрасып тұратындығын баян етті. Бірақ балалардың тарапынан анаға деген ыстық сезім жоқ. Дей тұрғанмен, осы күнге дейін екінші отбасын құрмаған әкелеріне шешесі қайтып келем десе қарсы болмайтындықтарын жеткізген. Алайда бұл ойдың да орындала қояры екіталай.    
ӘЖЕСІНІҢ СЕНІМІ
2006 жылы мектеп бітіріп, балалар үйінен үлкен өмірге қадам басқан кейіпкеріміз Қ. Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжіне оқуға түседі. Мейрамханаларда ән салып, қосымша табыс тауып өз күнін өзі көреді. 2010 жылы колледжді бітіріп, «Айналайында» қатар өскен досы Әділ Ертұрғановпен бірге Алматыға оқуға түсуге бет алады. Алайда ол жақта: «Сендер мұнда қайда тұрасыңдар? Кім сендерге бас-көз болады? Одан да өз қалаларыңа барып оқи берсеңдерші», –  дегендей сөздер естіген соң беттері қайтып, кері шегінуге ұялған соң сол қалада жұмыс істеуге қалады. Араға уақыт салып, Талдықорған шаһарына қайта оралады. Дәл сол тұста: «І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында «Талдықорған әуендері» ән-би ансамблі ашылмақ, іріктеу жүріп жатыр», – дегенді естіп, соған қатысады да жұмысқа орналасады.  
Осы қаладан өмірлік серігі Индираны жолықтырып, 2012 жылы отау құрады. Жандос асыл жарын Оңтүстіктің тумасы деп таныстырды. Бұл өңірге әпкесінің қолында тұрып, оқуға келген. Жас келіншек Талдықорған қалалық «Жедел жәрдем» стансысында фельдшер қызметін атқарып, қазір бала күтімімен үйде. Отау құрғандарына төрт жылдан асқан. Бүгінде үш жасар Мансұр және алты айлық Мүсілім атты қос ұлдары бар. «Балаларымыз үшін қызмет етіп, өмір сүрудеміз. Оларға бақытты балалық шақ сыйлауға ұмтыламыз. Жақсы тәрбие мен сапалы білім беру мақсатымыз. Отбасы бақыты дегеннің өзі – бала сүю, оның әр қадамына қуану», – дейді жарасымды жұп.   
Айта кетейік, Жандостың өнерге келуіне себепкер болған әжесі, яғни, әкесінің анасы. Ақ жаулықты әже кішкентай балаға 16 жолдық өлең жаттатқызып, жарапазан айтқызып, әнші болатындығына сенген. Одан кейін балалар үйінде Алтай Теребаев деген музыка пәнінің ұстазы дауысын тыңдап, қабілеті барын аңғарып, түрлі байқаумен шетелге де алып барады. Шәкірт ретіндегі Жандостың ұстазына айтар алғысы шексіз.   
Бүгінде ағасы мен інісі де өз қызығушылықтары бойынша қызмет етуде, екі қарындасы Алматыда оқиды. Бауырлар бір-біріне қатынап тұрады. Әкелері де қызметте. Бәрі өз күндерін өзі көріп жатыр. Шамалары келгенше бір-біріне қарайласып тұрады. Бесеуі де теріс іспен айналыспай, дұрыс жолға түскен.   
«Қиналғанда, мұң үстінде жүргенде: «Осылай жалғаса бере ме?» – деп те ойлайтынмын, шыны керек. Ол кезде бір жақсылықтың келетініне сену де аса оңай болмады мен үшін. Бірақ қазір мұңның соңында бір қуаныштың барына толық сенемін. Соған куә болып отырған соң қалай сенбеске?! Ең бастысы, мойымай, мақсат қоя білсе болды». Бұл – Жандостың жүрек сөзі.  

ҮМІТ ОТЫ ӨШПЕЙДІ 
Кейіпкеріміздің ендігі мақсаты – репертуарын жаңа әндермен толтыру, бейнебаян түсіру. Қазақ эстрадасынан үлкен орын алған әнші атану. Ол өзін 15-20 жылдан соң да осындай салмақты, ешкімге зияны жоқ, көп баланың әкесі және достарының арасында сыйлы, аса қартая қоймаған азамат ретінде елестетеді.  
Алайда жас әкенің бұдан да үлкен арманы бар. Ол – екі айлығында сал ауруына шалдығып, қазірге дейін ем қабылдап жатқан, өз бетімен жүре алмайтын тұңғышы Мансұрды аяқтан тұрғызу. Оның қатарластарымен жүгіріп ойнағанына куә болу. Сырқаттың қайдан пайда болғаны белгісіз, перзентханада дұрыс қаралмағандықтан ба деген өзіндік ойлары да бар. Сол сәтте бала он күн ес-түссіз жатып қалған. Дәрігерлер еш үміт күтпеңдер деген. Бірақ қазір ақыл-есі бәрі дұрыс, тек өз бетімен жүріп, отыра алмайтыны болмаса. 
Айналып келгенде бәрі қаражатқа тіреліп, жас отау иелерін шарасыз күйге түсіріп отыр.  
– Ұлым оңалту орталығынан күнделікті емін қабылдап жүр.   Дәрігерлер тиісті жерлерге апарсаңдар жүріп кетеді деп отыр. Ол үшін қомақты қаражат керек. Оны жинау ұзақ уақытты талап етеді. Шетелге барып аяғынан тұрғызып алсақ деген жалғыз тілеуіміз бар. Мұндай жағдайда ажырасып кететіндер де кездеседі. Біз керісінше, балаларымыз үшін бәрін бірге көреміз деп отырмыз, – деп әңгіме соңында шешімін таппай отырған отбасының күрделі мәселесімен бөлісті. Кейіпкеріміз бұқаралық ақпарат құралын пайдаланып көптен көмек сұраған жоқ. Мұның бәрін сынақ деп қабылдап, баласы үшін қолынан келгенін аямайтынын, Мансұрды аяғынан тұрғызу үшін неге де болса төзетіндігін жеткізді.  Ал біз егер қайырымды, қолы ашық жандар болса Алла разылығы үшін осындай шын мұқтаж жандарға демеушілік танытып, бүлдіршіннің аяқтан тұрып доп теуіп, балаша жүгіріп ойнауына өз үлесін қосса екен дейміз. 

Талай ауыртпалықты еңсерген жас жігітті жаңа айдардың кейіпкері болуға толық лайық деп табуымыз қате шешім болмаса керек. Ол тағдырдың қандай сынағына болсын қайыспай қарсы тұрып, төзімділігі мен шыдамдылығының арқасында өзін маңайындағыларға мойындата, сыйлата білді. Әкесіне қамқорлық танытып, келін түсіріп, немере сүйгізді. Жеке отау иесі атанып, баспанаға қол жеткізді. Тұрақты жұмыс орнын тапты. Өнерін шыңдады. Сөйте тұра балалар үйіндегі тәрбиешілеріне алғыс айтуды да ұмыт қалдырған жоқ. «Сабыр түбі – сары алтын» деген тәмсілді тағы бір дәлелдегендей болды. Осындай азаматты тағдырластары үлгі тұтып, өз келешегінің де жарқын болатындығына сенім артар деген ойдамыз. Ал кейіпкерімізді өзгеге үлгі етеміз деп, оның отбасылық мәселесінің шешілуіне бір халық болып септігімізді тигізе алсақ, бұл тіптен нұр үстіне нұр.

Меруерт Молдағалиева