Ауылда жұмыс істейтін жастар

Уақыты: 17.01.2017
Оқылды: 2276

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауылдағы жастардың қатарын өсіріп, маман жетіспеу­шілігін тиімді шеше алды ма? Шалғай елді мекендерге барған жастардың тыныс-тіршілігі қалай? Оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілді ме? Ауылды көркейту, дамыту жолында қосқан үлестері қандай? Міне, осы сауалдар төңірегінде бағдарламаның бүгінгі нәтижесін байқамақ ниет­пен облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Рүстем Қанапиянов Көксу ауданына ат басын бұрды.

Ауылдың әлеуметтік жағдайын әлсіретпей, жас мамандарға мол мүмкіндік берген бағдарламаның өзіндік шарттары мен талаптары бар. Бағдарлама нәтижесінде бүгінде алыс аймақтар мамандықтың түр-түрімен толыққан. Облыс бойынша 2016 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 517 жас маманға көтерме жәрдемақы берілген. Оның 300-ге жуығы баспанамен қамтылып, бү­гінгі таңда өңір дамуына елеулі үлес қосуда.  
Біз барған Көксу ауданында көтерме жәрдемақы уақытында төленіп отыр. Баспана мәселесі де шешімін тапқан. Оған дәлел – Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін тамамдап, еңбек жолын бағдарлама аясында бастауды жөн көрген Лейла Қамзина. Ол Балпық би ауылындағы Биғайша Құндақбаева атындағы №1 орта мектепте жоғары сыныптарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлкен үлес қосып жүрген білікті маман Талғат Байтұрғанов та бағдарлама аясында Жамбыл облысы, Қордай ауылынан келген. Көксу өңіріне хирург ретінде танымал маман соңғы 3 жылда 1000-нан аса ота жасаған. Оның ішінде күрделісі де бар. Біліктілігінің нәтижесінде барлығы сәтті аяқталған. 
Шалғай жатқан ауылдарда дәрігер және ауылшаруашылығы мамандары тапшы екендігі бәріне белгілі жайт. Осы сұраныстың орнын толтырып жүрген дәрігердің көмегіне зәру жандардың көптігін ұзын-сонар кезектен көрдік. Жас дәрігердің не­гізгі мақсаты – ел үшін елеулі еңбек етіп, өңір дамуына үлкен үлес қосу. Бағдарлама шарты бойынша белгіленген көмек көрсетілген. Бірақ ол өз сөзінде белгілі бір материалдық көмек немесе қаржы үшін келмегендігін жеткізді. Міне, ауылдың абыройының артуын ойлап, игерген білігін икемді пайдаланып жүрген Талғат Байтұрғанов секілді білікті мамандар көп болса еліміздің болашағы жарқын болары анық.  
Көксу аудандық жас­тар ресурстық орталығының жетекшісі Дәурен Молдағалидың айтуынша, бағдарлама жүйелі жүргізілуде. Ауданға келген жас мамандар қысқа мерзімде біліктіліктерін көрсетіп, ел игілігіне қыз­мет атқаруда. Қалаға барып білім алып, ауылға қайта келмек ниеттегі жастар да жетерлік. Аудандағы бағдарлама жұмысымен танысқан Рүс­тем Қанапиянов жастар арасында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы кеңі­нен насихатталып, қатысушылар саны күн санап артып келе жатқанын айтты. Мәселен, өткен жылы Жастарға қызмет көрсету орталығында 100-ден аса жас кеңес алып, жартысынан көбі  ауылда жұмыс істеуге ниет білдірген. 

Құралбек Сәбитов

Көксу ауданы.