Кездейсоқтық па, әлде?..

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 1835

Кей кездері айналамызда бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсас таңғаларлықтай оқиғалар қайталанып жатады. Бір қарағанда ондай оқиғалардың қайталануына көзге көрініп тұрған себеп те жоқ секілді... Сондай сәттерде «Кездейсоқтық» – дей саламыз да, дүниенің тылсым сырлары жайында ойлана бастаймыз.

Экстрасенстер мен психологтар мұндай оқиғаларды өзгешелеп атау үшін «синхрондық құбылысы» деген ерекше термин ойлап тапты. Иә, ондай оқиғалар табиғат пен ғылымның барлық заңдарына қарама-қайшы келіп тұрса да орын алып жатады. Бақсы-балгерлер мұны тылсым күштердің бізге берген белгісі деп санайды. 
Детройт қаласының көшелерімен қыдырып жүрген  Джозеф Фиглок бірде жоғары қабаттан құлап келе жатқан бір жасар баланы аман алып қалады. Қорқып қалғандары болмаса Джозеф те, бала да айтарлықтай зардап шеге қойған жоқ еді. Үй шаруаларымен айналысып жүрген анасы терезені ашық қалдырғандықтан құлап кеткен сәби кездейсоқ жүргіншінің дәл қолына келіп түскен. 
Бұл оқиғаны таңғажайыптардың қатарына жатқызуға болмас. Мүмкін, кездейсоқтық та шығар... Ал енді бір жылдан соң болған мына бір оқиғаны қалай түсіндірерсің?  Джозеф Фиглок бір жылдан кейін тура сол көшемен өтіп бара жатып жоғарыдан тағы да сол баланың құлап келе жатқанын көреді. Тағы да тосып үлгереді. Жеңіл-желпі жарақат алғандарымен екеуі де аман қалады. Таңғажайып емей немене?
Роджер Лозьер есімді бала төрт жасар кезінде теңізге батып кете жаздайды. Бұл оқиға 1966 жылы Американың Салема қаласының маңында болған еді. Баланың бақытына қарай оны Элис Блейз есімді әйел құтқарып қалады. Алайда оқиға мұнымен аяқтала қоймайды. Роджер 12-ге келген кезінде өзін құтқарған әйелдің жақсылығының қарымын қайтарады. Нақтырақ айтқанда, ол тура өзі суға кетіп қала жаздаған жерде теңізге батып бара жатқан адамға қол ұшын беріп, аман алып қалады. Құтқарған адамы Элис Блейздің күйеуі болып шығады. 
Думанды отырыста шалқып отырған Марчелло Мастроянни достарына «Мен соншалықты бақытты бастан кешкен үй өртеніп кетті» деген байырғы әнді айтып бермек болады. Әннің алғашқы шумағын айтып болған кезде үйінің өртеніп жатқанын естиді. 
1965 жылы шотландық шағын елді мекендегі жергілікті клубта «Әлемді 80 күн ішінде айналып шығу» атты фильм жүріп жатқан болатын. Фильм кейіпкерлері әуе шарына отырып көк жүзіне енді көтерілейін деген кезде құлақ тұндыратындай тарсыл-гүрсіл естіледі. Кейін белгілі болғанындай, клубтың шатырына тура кинодағыдай әуе шары келіп қонған екен! 
Ал мына бір таңғажайып та жұмбақ кездейсоқтық туралы көп айтылып, жазылып та жүр. Жазушы Морган Робертсон өзінің 1898 жылы жарық көрген «Жандалбаса» романында алғашқы сапарына шыққан «Титан» атты кеменің алып мұзтаумен соқтығысып, су түбіне кеткенін суреттеген. Арада 14 жыл өткен соң, 1912 жылы Ұлыбританияда «Титаник» лайнері суға түсірілді. Мүмкін, кездейсоқтық та шығар, жолаушылардың бірінің шамаданында «Титан» теплоходының ажал құшқаны жайлы кітап бар болып шықты. Кітапта жазылған жайттардың барлығы сол қалпында, тіпті ең бір ұсақ детальдарына дейін айна-қатесіз қайталанды. 
Батып кетуі мүмкін емес деп саналған екі кеме де сәуір айында мұзтауға соқтығысады, екеуінің де бортында атақты адамдар көп болатын. Екі ретте де мұзтаумен соқтығысудың салдары капитанның әрекеті мен құтқару құралдарының жетімсіздігінен алапат апатқа ұласты. Кеменің соңғы сәттері егжей-тегжейлі суреттелген көріпкелдік кітап та тұңғиыққа бірге кетті.
Нақ «Титаник» батқан жерде, Атлантика маңайында 1939 жылы «ТИТАНИЯ» кемесі жүзіп жүрді. Кенеттен кеме рөліндегі адам шұғыл тоқтау жөнінде бұйрық береді. Оның мұндай бұйрықты неліктен, не нәрсеге сүйеніп бергенінің жұмбағы әлі күнге дейін ашылған жоқ. Мүмкін, әлдебір ішкі түйсік, мүмкін, басқа бір себеп... 
Корабль тоқтағаннан кейін күтпеген жерден қараңғылықтан шыға келген керемет үлкен мұзтау кеме корпусына соқтығысады. Соққы айтарлықтай күшті болғанымен оны су түбіне жіберетіндей емес еді.
Эдгар Поның әңгімелерінің бірінде кеме апатына ұшырап, ашыққан теңізшілердің экипаждың ең жас мүшесі – Ричард Паркерді жеп қойғандары суреттеледі. Осынау сұмдық сюжет 1884 жылы шындыққа айналды. Апатқа ұшыраған «Кружево» шхунасының матростары аштықтан көздері қарауытып Ричард Паркер есімді юнганы қорек етеді. 
Марк Твен Галлей кометасы Жер орбитасы маңынан ұшып өткен 1835 жылы дүниеге келді. Атақты жазушы комета Жер айналасына қайта айналып соққан күні дүние салды. Жазушының өзі қайтыс болатын уақытын 1909 жылы болжап қойған болатын. Ол өзінің Галлей кометасымен бірге жарық дүниеге келгенін, өмірден де сонымен бірге кететінін дәйім айтып жүретін. Ақыры солай болды да. 
«Дейли телеграф» газеті 1944 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыстың қызып тұрған кезінде одақтастар әскерін Нормандияға түсіру жөніндегі құпия операцияның кодына қатысты барлық сөзді қамтыған кроссвордты жариялады. Аталған кроссвордта автор «Юпитер», «Юта», «Омаха», «Нептун» сөздерін жасырған болатын.
Барлау органдары соншалықты құпия ақпаратты кімнің ашып қойғанын іздеп жанталасты. Бірақ түптеп келгенде ешқандай құпияның ашылмағандығы белгілі болды. Кроссвордты құраған шпиондық құпияларды тіпті де түсіне қоймайтын қартаң мектеп мұғалімі болып шықты. Осынау таңғажайып сәйкестікке таңғалмасқа амал жоқ еді. 
Белгілі американдық актер Чарльз Коглен гастрольде жүрген кезінде қайтыс болып, Техас штатындағы Галвестон қаласында жерленеді. Бір жылдан кейін сұмдық күшпен соққан дауыл басқа құрылыстармен бірге қалалық зиратты да теңізге шайып әкетеді. Герметикалық табытқа салынған Чарльз Когленнің мәйіті 9 жылдың ішінде Атлантикамен 6000 шақырым қашықтыққа ағып барып, Принц Эдуард аралына келіп тоқтайды. Таңғаларлығы сол – ағыс табытты тура актер дүниеге келген үйдің қарсы алдына алып келген екен. Мұны да кездейсоқтық дейміз бе?..  


Баспасөз материалдары бойынша дайындаған Нүсіпбай Додабайұлы.