БІЛІМІ ТЕРЕҢ, БІРАҚ ТӘРБИЕСІНЕ СЫЗАТ ТҮСКЕН АДАМ ҚОҒАМ ҮШІН ҚАУІПТІ

Уақыты: 02.06.2021
Оқылды: 1392
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қай дәуірде болмасын, саналы ұрпақ ұлт болашағы екені ақиқат. Балаға ең әуелі тәрбие қажет. Түркі жұртының ғұламасы әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенді бекерге айтпаған.

Қанша жерден білімді болса да, тәрбиесіне сызат түскен адам қоғам үшін қауіпті. Сондықтан, кез келген баланың ең әуелі тәрбиенің уызына қанып өскені керек. Аталарымыздан қалған «Әдепті бала – арлы бала» деген қанатты сөздің астарында үлкен мән жатыр. Өйткені, әдеп – тәрбиенің бір бөлшегі.

Біздің колледждің басты мақсаты – білікті маман ғана емес, қоғамға пайдалы адам тәрбиелеу. Спорт – әлем елшісі. Әлемдік додаларда көк Туымызды көкке өрлетіп, Әнұранымызды қалықтатып жүрген спортшыларымыздың бойында тек тамырын ойнатқан күш қана емес, адамға тән ізгі қасиет бірге көрінгенде оның тұлғасы да даралана түседі.

Кез келген спортшының бойында тәрбие кемшін болса, ол түбінде күшіне сеніп, бұзақыға айналып шыға келеді. Керісінше, тәрбиемен тамырланған күш иесі болса, ол неғұрлым ортасына сыйлы болады. Данышпан Абай атамыз: «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сиясың», - деген. Бұл жердегі мінез дегеніміз – имандылық, ар, ұят, намыс сияқты ізгі қасиеттердің жиынтығы.

Жалпы, ұлт болашағы – ұлағатты ұрпақ. Ендеше, ертеңіміз болатын жеткіншектерімізді отбасынан басталған тәрбиемен сусындатып, Отанымыздың шаңырағына мықты уық болып қадалатындай өсіру ата-ана мен ұстаз-тәрбиешілердің ортақ міндеті.

Назира КҮЛЕНБЕКОВА,

Олимпиадалық резервтің Алматы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиешісі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан