ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ӨМІР ТАНЫМНЫҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ КӨЗІ

Уақыты: 02.07.2021
Оқылды: 1771
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан жеткен асыл мұра, таным көзі, тәрбие құралы. Бала үшін ойынның маңыздылығы өте зор. Ол арқылы баланы шапшаңдыққа, тапқырлыққа, икемділікке, батылдылыққа баулимыз. Бүгінгі таңда да ұлттық ойындарды ұмыт қалдырмай жас ұрпаққа насихаттау – ең маңызды істердің бірі саналады.

Ұлттық ойындардың балаларға лайықтары – «Асық ату», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақсерек пен көксерек», «Айгөлек», «Ақ сандық – көк сандық», «Ақсүйек». «Ұшты-ұшты», т.б. Осы ойын элементтерін бастауыш сынып оқушыларына сабақ беру барысында ұтымды қолданып отырсақ, балалардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңірген болар едік.

Халқымызда ойын түрі өте көп. Мұның өзі ата-бабаларымыздың бала тәрбиесіне қаншалықты тереңдікпен, жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Ойын арқылы баланы ғана емес, болашақ тұлғаны тәрбиелейміз. Өйткені, балалардың еңбегі, оқуы ойыннан басталады. Ойын арқылы оқушыны білім алуға қызықтыра отырып, тұлғалық дамуын қалыптастыруға болады. Әсіресе, математика сабағында қолданылатын ойын түрлері оқушылардың ойлау қабілеттерін арттырып, есептеу дағдыларын шыңдай түсетіні белгілі. Математика сабағында «Сақина салу», «Ақсүйек» сынды қазақтың ұлттық ойындарын негізге алып, белгісіз санды табуға болады. Ойынға толық сынып қатысады. Кестедегі белгісіз сандардың орнына «ақсүйек» тығулы тұрады. Кім дұрыс шығарса, сол ақсүйекті табады. Кім ақсүйекті көп тапса, сол ұтады. Міне, осы сынды көптеген ойын түрін бүгінгі заманға лайықтап, сабақта қолдануға болады.

Ойын – өміртанымның алғашқы баспалдағы. Оның басты ерекшелігі, баланың ойлау қабілетін жетілдіру болып табылады. Мәселен, «Санамақ», «Қуыр-қуыр, қуырмаш» ойындары арқылы балалар сан үйреніп қана қоймайды, халқымыздың тыныс-тіршілігімен де танысады. Ол арқылы іскерлікке де тәрбиеленеді.

Бүгінгі күн талабы да осы – баланың ақыл ойын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру. Бұл ретте баланың танымын алғашқы күннен бастап дамытудың бірден-бір жолы – ұлттық ойындар екені сөзсіз. Қазіргі таңда да көптеген ойындар шығып жатыр. Бірақ, олардың көпшілігінің балаларға берер тәлімі аз.  Осы орайда ойын тек қана қызықтырып, уақыт өткізудің құралы болмай, балаға берілетін білім мен тәрбиенің құнды негізі болуы керек дер едім. Бұл ретте ата-бабамыз сан ғасырлар негізін қалаған ұлттық ойындардың шоқтығы биік.

Анар Ноғайбекова,
М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі

Талдықорған қаласы