АТА-АНА БАЛАСЫНА ҚАНША УАҚЫТ БӨЛЕДІ? РУХАНИ БАЙЛЫҚҚА НАЗАР АУДАРА МА?

Уақыты: 02.05.2022
Оқылды: 1346
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биылғы жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялай отырып, «Балаларға ерекше назар аудару қажет. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген еді. Осы орайда Сүйінбай атындағы орта мектепте қырық жылға жуық еңбек етіп келе жатқан, оның жартысынан көбін тәрбие саласына арнаған ұстаз ретінде балалар тағдыры, тәрбиесі турасында түйген ойларымды ортаға салсам деймін.

Қазір технологияның заманы. Оның жылдам дамып жатқандығы, адамдардың қарым-қатынасына әсер етуде. Отбасындағы бала тәрбиесі не себепті әлсіреді? Ата-ананың баласымен өзара байланысы не үшін ажырап кетті? Оған тікелей себеп болып отырған ұялы телефон. Бүгінгі таңда балаларды да, ата-аналарды да ғаламтор тәрбиелеуде.

Қазіргі оқушылардың ата-анасының басым көпшілігі – жастар. Тәрбиені сол жас ата-анадан бастау қажет. Баланы жарық дүниеге әкелгенде әке-шеше: «Мен үшін бала тәрбиесі ең бірінші орында. Ұлым болсын, қызым болсын, оған қиянат жасамаймын», - деп алдына мақсат қою керек. Қиянат жасамау деген – отбасының қуанышы, бақыты балапаныңды әлпештеп, аялап бар мейір-махаббатыңа бөлеу. Сонда ғана бала бақытты болып өседі.

Қазір қоғамда ерлі-зайыптылардың ажырасуы көп тіркелуде. Жарық дүние есігін енді ашқан сәбидің әкесіз не анасыз өсетіндей не жазығы бар? Туған әкесін өгей әке, туған анасын өгей шеше алмастырады. Одан зардап шегетін тағы да бейкүнә балапандар. Осы ажырасудың, ішкіліктің салдарынан жетім, жартылай жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сәтсіз, әл-ауқаты төмен отбасылардың саны көбеюде.

Осындай жағдайға орай мектепте әртүрлі маман иелері қызмет етеді. Мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері, пән мұғалімдері, ата-аналар комитеті, психолог, әлеуметтік-педагог, медбике, инспектор, ауылдық әкімшілік қызметкерлері жұмыла кірісіп, қорғансыз баланға қамқор болып, оның ел қатарлы білім, тәрбие, медициналық, басқа да көмектер алып, ешкімнен кем өспеуі үшін барын салады. Сонда да біз жеткіншектерді өмірдің қатал сынағынан өз дәрежесінде қорғай алмай жатамыз. Өйткені, қазір отбасында түрлі оқыс оқиға, келеңсіз жағдайлар орын алады. Тіпті, баланың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, бас амандығына, өмір қауіпсіздігіне де нұқсан келетін жайттар кездеседі.

Біздің алдымызда оқушы 5-6 сағат көлемінде білім алып тәрбиеленеді. Қалған уақытта ата-анасының жанында. Сондықтан отбасында не болып жатқанын толық қадағалауда ұстап отыра алмаймыз.

Мектептегі ең басты жұмысымыз балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып, тәрбие жүйесін өз бағытында жүргізу. Осы орайда 8 бағытты басшылыққа алудамыз. Сыныптан тыс шаралар, сынып сағаттары, өнер байқаулары, білім сайыстары, кездесу, сұхбаттар, спорттық шаралар өткізіп тұрамыз. Айта берсек, тәрбие берудің қыр-сыры көп, ұшы-қиыры жоқ.

Ал отбасында тәрбие жұмысы басшылыққа алынған ба? Ата-ана өз баласына қанша уақыт бөледі? Рухани байлықтың орнын материалдық құндылық басып жатқан жоқ  па? Осының бәрі ойландырарлық жайт.

Екі жыл көлемінде онлайн форматта оқу мұғалімге де, ата-анаға да, оқушыға да оңай болған жоқ. Оның бәрі артта қалып, оқушы мен мұғалім бір-бірін сағынып қауышты. Киелі білім шаңырағымыз балдырғандардың шуылымен жарасып-ақ қалды.

Мектеп – шәкірттерімен ғана көрікті, қызықты, әсем! Мына ғалам балалардың күлкісімен нұрлы, шат. Сондықтан да ел болашағы – ертеңгі ұрпағымызды тәрбиелеуде ата-ана, мектеп, қоғам болып аянбай тер төгейік. Балалар тек ата-анасының ыстық құшағында бақытты болып өсе берсін!

Мараткүл МОНТАЕВА,

Сүйінбай атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Қарақыстақ ауылы,

Жамбыл ауданы

Алматы облысы