АЛМАТЫДАҒЫ БІРҚАТАР УНИВЕРСИТЕТ ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНА КӨШІРІЛЕДІ

Уақыты: 05.10.2022
Оқылды: 1602
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы қаласындағы облыс әкімінің өкілдігінде аймақ басшысының орынбасары Арслан Дандыбаевтың бизнес өкілдерімен кездесуі өтті. Жүздесуге келген сегіз құрылымның басшылары өздерінің ұтымды жобаларымен таныстырып, өлкенің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға  қатысты ұсыныстары жайлы баяндады.

Алғашқы болып қабылдауға кірген «Niko Pharm», «A-CLASS MEDIKAL», «Galamat Sistems» ЖШС басшылары негізінен өңірдің медицина саласында жұмыс істеуді мақсат еткен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, аталған фирмалар өз алдына отау болып шыққан Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласында көпсалалы аурухана салу, мемлекеттік медицина мекемелерін сенімгерлік басқаруға алу және осы саланы сандық жүйеге көшіру жөнінде ұсыныс айтып, жобаларымен таныстырды.

Бизнес өкілдерін тыңдаған Арслан Момышұлы мен сала мамандары мәселені жан-жақты зерттеп, облыстың мүддесіне жауап беретін тиісті шешім қабылдайтынын жеткізді.

Келесі болып қабылдауға келген «SNI compani» компаниясы «Ақылды қала» бағдарламасы аясында Алматы облысының мемлекеттік мекемелерін сандық жүйеге көшіру, билік пен халық арасындағы медиабайланысты дамыту жөніндегі жобаларын ұсынса, «Apeaл-транс» ЖШС байланыс саласы, өрт қауіпсіздігі мен күзет құралдары, заманауи ғимараттарға қажетті құрылымдардың барлық түрін орнатып, қызмет көрсетуге дайын екенін баяндады.

«Логиком» акционерлік қоғамы елімізде 30 жылға жуық жемісті еңбек етіп келеді. IT технологияларын пайдалануда көш бастап тұрған компания Алматы облысындағы қалаларды қауіпсіз етуге қажетті қондырғыларды орнатып, оның жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ететінін жеткізді.

1993 жылдан бері елімізде нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан «ҮDA Group» компаниясы негізінен құрылыс, авиация, медицина, қорғаныс саласы, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, энергетика саласында өзін көрсетіп үлгерген. Болашақта осы тәжірибелерін Алматы облысында қолдануға дайын екенін айтып, жекелеген жобаларын жұртшылық назарына ұсынды.

Ал «GEFEST Construction» компаниясы күн энергиясын пайдаланып қуат көздерін өндіру жобасын әзірлеп әкелген. Бүгінгі күні әлемде жаңартылатын қуат көздерін пайданану 30 пайызға жетіп қалған болса, елімізде бұл көрсеткіш 1,3 пайызды ғана құрап отыр. Демек, жақын болашақта бұл мәселенің маңыздылығы арта түседі. Екі тарап осы және басқа де өзекті мәселелерді сарапқа салып, ортақ шешім қабылдау жөнінде мәмілеге келді.

Жиында бірқатар жоғары оқу орны мен колледждерді мегаполистен Қонаев қаласына көшіру мәселесі қаралып жатқаны айтылды. «Біздің ойымыз – университеттерді көшіру, ол үшін білім беруді ұйымдастыру мақсатында жақсы кампустар салу», - деді Арслан Дандыбаев.

Оның айтуынша, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасалады. Осылайша, студенттер жарты күн оқиды, жарты күн өндірісте жұмыс істей алады. «Болашақта біз орта білім беруді дамытуға баса назар аударамыз. Бізде инженерлер, сантехниктер мен шеберлерді табу қиын», - деді ол.

Облыс басшылығы мегаполистегі өмір мен баспананың аймаққа қарағанда әлдеқайда қымбат екенін ескере отырып, жоғары оқу орындары мен колледждердің өңірге көшірілуі де оң әлеуметтік нәтиже беретініне сенімді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы қаласы