Қайрат Әлімбектің туғанына 60 жыл

Уақыты: 16.06.2023
Оқылды: 1095
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін ақын, журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Қайрат Әлімбектің туған күні. Дарынды ақын 60 жылдығына орай Жетісу өлкесінде ауқымды шара өтпекші. 

Алдымен зияратында құран бағыштау, кітабының тұсаукесері, өмірі мен шығармашылығына арналған бұрыштың ашылуы, еске алу кеші секілді тағылымы мол жиындар қамтылған. Назарларыңызға ақынның бір топ өлеңін ұсынамыз.

ТӘУ ЕТЕР ТӘУЕЛСІЗДІК

«Қазақтар алдына соңғы көш тұр.
Ол – атамекенге оралу»
Мұстафа ӨЗТҮРІК

Жебедей жауып жұртыма қошына халық,
Шоршытып шайқас боп алдық, шошымалы анық.
Тағдыр – әженің талайсыз шашуы сынды,
Әлемнің қайбір шетіне шарырар-а-мадық?!

Әрбірін әр ел өзінше асырап алып,
Шекаралары шекпендей ашыла қалып...
Шыңжаңға қашып, Түбіттей шыңдардан асып,
Асқарпаз болдық амалсыз ашына барып!

Ұлт боп ұий бергенде жосыла ағып,
Алаусыз – қақпақ атылған ашыла маңып.
Суық сәл тістеп ашыған айран – халықпыз.
Сары суы молдау дәміне қасы да қанық.

Бөріктің ішін көрсеңіз – басы да жарық,
Болсақ та қалған жерінде – осы да халық!
Төле би сында қарлығаш ұясын салған,
Шаңырағын бұзбай көшпеген, қосына бағып.

Не бәле нәубет замандар басына жауып,
Зұлматтар өтті төндірген досы да қауіп.
Ішінен іру салдары – үшінен бірі –
Шет жерге кетті жерінен шонына ауып.

Жүргенде құл боп өзгеге ашына, налып,
Үш ғасыр бізге жасады «асыл ағалық».
Тәу етер бәрің тәуелсіз тігіліп Туың,
Құралтайыңа жеттің-ау, жасыма, халық!

Жәутең жанарды сағыныш жасына малып,
Тіл-көзден аман сақта деп ашлап алып.
Сом ұлт болып ұюға, ал, АНТ берейік,
Түркістандағы бабалар басына барып!
***
ЖАҢҒЫРУ
Не білеміз, ол кезде жай баламыз,
Мұндай мейрам жоқ деп те ойлағамыз.
Сөйтсек, біздің қазақта бар екен ғой,
Сауығыңның көкесі – той да нағыз.

Енді білдік, бәзге де дәулет берген,
Отызыншы жылдары нәубет төнген...
Сыпырып ап мал-жанын, бас көтерер
Қалдырмаған ешкімді әулетті елден.

Халық едік, «мейрамнан айраны көп»,
Алтай, Арқа, Атырау аймағы боп.
Наурызды да біреулер «қайдағы» деп,
Сүттей ұйтты сөзіне қаймағы жоқ.

Келе жатқан мереке қай заманнан,
Осылайша жазықсыз найзаланған!
Айрыла да жаздаппыз барлығынан –
Ұлылардан, елдіктен, Тайқазаннан!

Содан соң да ұранның көшіне ердік,
Жығылдық та, тұрдық та, өсіп-өндік...
Сайдан іздеп, мансұқты Айдан іздеп,
Жетпіс жылдай адасты есіл ерлік!..

Тәуелсіздік жетті де халыққа нық,
Барлығы да келеді анықталып.
«Алты айдан соң табылды астыдағы ат»,
Мәңгүрттіктің аулына барып қалып...

Сән-салтанат қайта кеп көшімізге,
Түгелденіп жатырмыз осы біз де.
Будулайдай бұрынғы бұлдыр өмір,
Сап тыйылып... оралды есіміз де.

Жібіген соң тоқырау тоң-мұздағы,
Қайта оралды жоғалтқан НАУРЫЗ-дағы.
Тіл түзелмек, ағайын, сен де түзел,
Жаңғыруда – Наурыздың жалғыз мәні.
***
ҚАЛАМ МЕН ҚАДАМ
Аппақ бетке із түсірсе қаламым,
Өміріме із түсірмек қадамым.
Осы іздері арқылы біз танимыз,
Адамдардың адамының адамын!

Кейде екуін асығыстау жұмсаймын,
Жұмсаймын да бәйгекердей бусаймын.
Алға ұмтылмай, асықпай, дос, қайтейін,
Қарсы алдымда құшақ жайып тұрса айдын.

Кейде екуін өз орнымен жұмсаймын, -
Жамандықты жақсылықпен бір шайдым.
Екеуіңнің бойына мол сыйыпты,
Мұнша құдірет, мұнша ерлік, мұнша айбын!
Жақсылыққа жүзіп жүріп сусаймын,
Абайламай ұрттап алам мұң-шайды.
Екеуінің құдіретін түсіндім,
Енді екеуін ойлап-ойлап жұмсаймын!
***
ҚАЗМУ-ДІҢ ҚАЛАШЫҒЫ
Білесің ғой, кішкентай қалашығым,
Ағы-біреу, адамның аласы – мың.
Сол біреуің мен болып өзіңде жүр,
Жастық шағын өткеріп, таза шырын.

Қош айтысқан балалық – алыс күнмен,
Қалалықпын құлағын дауыс тілген.
Кәдімгідей адам боп сен арқылы,
Өзімменен қайтадан табыстым мен.

Бірде маған нұсқадың бір арманды,
Қыз-арманды, көз алдым мұнарланды.
Қойшы бәрін, қысқасы, сен үйреттің,
Жылағанды шынымен қуанғанды.

Толтырғың кеп біліммен тостағымды,
Ағытқан да өзінсің тоспа – мұңды.
Ұмытпаймын десем мен ұмытпаймын, -
Көрсеткенің үшін тек достарымды.

Мен кетермін, болашақ шақырды алдан,
Белгі қалса болмас-ты ақында арман.
Ал, өзіңде арман жоқ, қалашығым,
Жартасында жанымның атың қалған.

Айтпақшыдай, сол түні айы мұңды,
Ағыс алып кеткенде қайығымды.
Жаңқасынан ескектің Үміт атты,
Өсіп шыққан қарай жүр қайыңымды!..
***
СЕРІ МАЙЫМ, ШЕРУ АЙЫМ
Келді, міне, күн мінез шаттық айым,
Татулықты тойлайтын тәтті Майым!
Ынтымағы әлемнің шеру тартты,
Ынтызар ем достыққа сап құрайын.

Көтерілді аспанға күй дүбірлей,
Жайқалып тұр дүние сыйлы гүлдей.
Көз алдыда көрініс кербез тартты,
Түрлі-түсті үндінің фильміндей.

Сыймай кетті көшеге халық деген,
Айналадан шаттық пен шаттық көрем.
Қыз Жібектей құлпырған Ару Майдың,
Мейманасын асырды салют та ерен.

Май – мамырым келтіріп елдің сәнін,
Көкжиекке көркейтіп кердің сағым.
Біздер енді самғаймыз биіктерге,
Әшекейлеп достықпен Жердің шарын!

Күлкілермен күллі әлем құлпырады,
Көкейіме менің де жыр тұнады.
Ару Майым, жайнай бер, жарқырай бер!
Жер жүзінің жасай бер, ЫНТЫМАҒЫ!
***

ҚАЗІРГІ ӘЙЕЛДІҢ КӨЗ ЖАСЫ
О, көз жасы, әйелдердің көз жасы,
Сені ұқпайды жыламаса өз басы.
Заманалар зарлап келдік, ей, көңіл,
Енді бір сәт тарих жақтан қозғашы.

Көңіл, көңіл, бұлт басқан көңіл-ай,
Алабұлтты алақұйын өмір-ай.
Қаншама жыл қазақ қызы жылады,
Етек толап еңіретті «Елім-ай».

Көп жылады әже мен көп ана,
Бет-ауызы болып кейде көкала.
Нешеме рет қызынғанда еркектер,
Нешеме рет бұзылды екен шекара.

«Әйел десе әжемізге тиеді!»,
Қарыс-қарыс болады да сүйемі.
Қазақ ұлтын көбейткен де әйелі,
«Ақымақ боп қалған екен күйеуі».

Бұл өткен өткен күн... айтайын бір жаңалық,
Неге төндім әйелге мен қадалып...
Біз де осы туған жоқ па ек әйелден,
Әкеміздің кіндігінен жаралып.

Абайша айтсақ «сап-сап, көңіл, сап, көңіл»,
Ақынбыз ғой, ал ақындар – ақкөңіл.
Десестағы баяндайын мен енді;
Өзім бастан кешірген бір «тәтті» өмір.

... Тым қызбаған бір қыз маған ұнады,
Көңіліміз көк аспанда жүр әлі.
Бірге болдық, оның несін жасырам,
Кеудеміздің айтатұғын бір әні.

Жаным еді, әнім еді армандай,
Болды енді көңілім одан қалғандай.
Өмір сүрген жақсы емес пе, жарандар,
Алдамай да, ешкімнен де алданбай.

Сөйлемедік, ей, демедік сызданбай,
Қалдым сол сәт аруымды қызғанбай.
Қаншама сөз, соншама кез арнадым,
Қонып шықтым, болып шықты қыз болмай.

Кешіріңдер, болғаны осы жайт білген,
Демеңіздер артық сөзден қайт бірден.
Сол әйелге «Сені алмаймын!» дедім де,
«Жыламайсың неге?» деп те айттым мен.

Жылайтұғын шығар деген ойда мен,
Сауалымды қаттылап та қоймап ем.
Мұндай жауап естімейік әрқашан,
Оның беті бүлк етпестен сөйлеген...
Қазақ қызы, ұнайтынсың ұнасаң –
Пәктікпенен, нәзіктікпен бір ашаң.
Әлгі әйелдің айтқан сөзі мынандай:
«Шайылады көз бояуы жыласам...»

Ықылыққа толып қалды көмейім,
Мен кімдерді бүгін енді шенейін.
Қазақ қызы, «Елім-айдан» сен жеттің,
Осы күнгі сіңліңе мен не дейін?!
* * *

БІР КҮЛЕРМІН ҒАРЫШ ЖАҚҚА КЕТЕРДЕ...»

ЖҰМАТАЙДАН

Төрт қабырға... жалғыз мен,
Мұхит – ойға мол жүзгем.
Қош боп кеткен күндер-ай,
Дос боп қалған сол қызбен...

Төрткүл дүние, мен – жалғыз,
Басты имес дегдармыз.
Аспан менің сүйгенім,
Кешір мені, Жер – балдыз!..

Жер де жалғыз, мен жалғыз,
Көңіл – піскен нән қарбыз.
Жарасына жалғыздың,
Дапсыратын сен – жалбыз!..

Ұқшы соны, бұл қызым,
Сөйтіп өткіз күнді ұзын.
Жерде қалар сүйегі,
Көктегі мен – Жұлдызың!

Төрт қабырға, бір сағат,
Жатыр ол да күн санап...
Сабау ойлар осындай,
Көңілді тұр мың сабап...

О, сағатым, сыртылда,
Жүрісіңнен бір тынба!
Бірге соқ, сен жүрегім,
Әр мезетте бұлтылда.

Төрт қабырға, бір есік...
Ойым кетті-ау жіп есіп.
Бір қызбенен тілдесіп,
Әлденемен күресіп.

Жә, жетеді, жетеді,
Дәурен солай өтеді.
Кіріп келсең тимес-ау,
Төбем көкке екі елі.

Жалғыз болсаң мұң-күй көп,
Мида балет жүр билеп.
Алып қойдым мен бүгін,
Аспан жаққа бір билет...
***
АНАМА
Анам Айымхан Құрманқожақызының рухына

Көңілім сенбей алаңдай берем.
Қалайша нансын бұл көңіл?!
Ағарса жаулық анамдай көрем.
Құлазыр сосын мүлде өмір

Деген ең: «Жолдан кешікпе, қарақ!..»
Соңғы сөз екен, білер ме ек...
Кеп қалар-ау деп есікке қарап.
Жатыпсың көзбен түгендеп.

Жанарың сонда толқыда-ау асыл.
Он бір ұл-қызың толықпай,
Жасамай жатып жарты да ғасыр,
Қайдағы бір дерт жолықты-ай.

Қайғыдан осы состиып қалған.
Ойлаймын жүдеу әкемді,
Төгіле берсе жас түйіп те алған
Бақандай бәрін көтерді.

Ғарышқа шықты мақсұтым қаптап,
Анашым, жалғыз сені іздей,
Өссек пе дейміз ақ сүтіңді ақтап,
«Баласы нашар...» дегізбей.

Көңілім сенбей санамды бөлем
Қалайша нансын бұл көңіл?!
Түсімде тірі анамды көрем.
Ұйықтай да қалсам түнде бір...